Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Ана тілінің қадірін білген ұлттың шоқтығы да биік болады

10.07.2018

Таяуда облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында Көкшетау қаласының зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиыны болып өтті.

Жиынды басқарма басшысы Марал Жақыпова сөз сөйлеп ашып, облыста тіл саясатына байланысты жыл басынан бері атқарылған жұмыстар, латын әліпбиіне көшуге дайындық, мемлекеттік тілдің кеңінен қолданылуына жағдай жасау, қазақ тілді орта қалыптастырудың маңыздылығы жөнінде сөз қозғады.

Айта кету керек, таяуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевты қабылдау барысында қазақ тілінің мəртебесін арттыру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажеттігін тапсырған болатын. Мемлекет басшысы Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиістігін атап көрсетті. Осыдан кейінгі Үкіметтің алғашқы отырысы толықтай дерлік қазақ тілінде өтті.

- Біз нәтижені тезірек көргіміз келеді. Бірақ, ескермеуге болмайтын күнделікті, әртүрлі жағдайлар бар. Оны да ойлауымыз керек. Тәуелсіздік тамырының тереңдеуі мемлекеттік тіл мәртебесін нығайтумен де тығыз байланысты. Бүгінде экономикамыз дамыған, этносаралық татулығымыз жарасқан елміз. Осының барлығы ұлттық қарым-қатынасымыз үшін, келешек ұрпақтар үшін үлкен жетістік. Тәуелсіз елімізді мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстар арасындағы достық пен ынтымақты, ұлтаралық келісімді жарас-

тыра білген, соны бүгінгі және келер ұрпаққа аманат етіп келе жатқан Елбасының салиқалы саясаты біздің әрқайсымызды қанағат сезімге бөлейді,-деді басқарма басшысы өз сөзінде.

Жиында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов сөз сөйлеп, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту үшін алдымен баланы балабақшадан тәрбиелеу керек екендігін баса айтты.

- Немерелеріміз қазақ бала бақшасына барғанымен орысша сөйлейді. Елімізде аралас мектеп деген болмауы керек. Мен оны дәрігер ретінде айтып отырмын. Бұлай жалғаса берсе, балаларды ауру қыламыз. Ағылшын тілін меңгергені дұрыс қой, әрине. Алайда, баланың түсінік пайымы қалыптасқаннан кейін, бала өз ана тілін меңгеріп алғаннан соң, үштілділікті мектеп бағдарламасына енгізу керек деп есептеймін. Мәселен, Жапонияда балаларға 12 жасқа дейін тек қана ана тілінде білім береді. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген қазақ халқы бекер айтпаған ғой, - деп өз ойын білдірді.

Осы орайда, ресми мәліметтерге зер салатын болсақ, облыста 16250 бала аралас мектепте оқиды екен. Иә, рас, соңғы кезде өзге ұлт өкілдері де балаларын қазақ мектептеріне беріп жатыр. Мәселен, Ақмола облысында өзге ұлттың 780 баласы қазақ мектептерінде оқиды. Бірақ, бұл біз жоғарыда келтірілген деректермен салыстыруға келмейтіні анық.

Жиында сөз сөйлеген «Көкше Медиа» ЖШС-нің директоры Жалғасбек Маратұлы «Көкшетау неге қазақша сөйлемейді?» деген сұраққа жауап іздеп, өз ойын ортаға салса, айтыскер ақын Құдайберлі Мырзабек өз сөзінде:

- Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында Қазақстандағы қазақтар ғана емес, тұтас халықтың 95 пайызы 2025 жылы мемлекеттік тілді игереді деп болжады. Орыс тілі өздігінен дамып жатқан тіл, оған насихат керегі жоқ. Ағылшын тіліне де сұраныс жоғары. Біз келешек ұрпақтың қамын ойлап, туған ана тіліміздің қадірін білуіміз керек. Тілді үйрену отбасынан басталады. Тілдік ортаны қалыптастыратын да адамдардың өздері. Мәселен, бір ғана Көкшетаудың өзінде тоқсан асаба бар. Бір тойда алдына үш жүзге жуық халық жиналатын сол асабалар қазақша сөйлеуі керек. Олардың тілді шұбарламағаны абзал, - дейді Құдайберлі ақын.

Ел ағасы Мұрат қажы Ыдырысов болса, Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында өз көзімен көріп, көңілге түйген жайттарды алға тартты. Мұрат қажының айтуынша, ол елде тіл мерекесі ерекше бір рухпен тойланады да бұл мерекеге айрықша көңіл бөлінеді екен. Мереке күні Сеулдің көшелерінде тарихи тұлғаларды бейнелейтін сахналық қойылымдар сахналанып, қала тұрғындары ұлттық киім киіп, көшеде шеру ұйымдастырады екен. Яғни, мереке бұқаралық сипатқа ие.

Дөңгелек үстел жиынына қатысқан басқа да тіл жанашырлары сөз алып, өз ойларын ортаға салды. Жасырары жоқ, бізде тіл мәселесі қозғалғанда көпшіліктің қызуқандылық танытып кететіні бар. Дегенмен, аталмыш дөңгелек үстел барысында көрген білгені көп, өзіндік ой-пікірлері қалыптасқан облысымызға танымал зиялы қауым өкілдерінің сөздері жиналғандарды ойлантты. Жалпы тіл мәселесі айтылғанда өзекті мәселелер суыртпақтап шыға беретіні бар. Қысқасы тіл жанашырлары біршама өзекті мәселелердің күрмеуін шешкендей болды. Солардың ішінде, жергілікті қаламгерлердің электронды кітаптары басылып шығатындығы, сондай-ақ, қазақ тілін бұқара халықтың арасында кең насихаттау мәселелері жиналғандардың зор қызығушылығын тудырды.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Арқа ажары 05.04.2018ж.    

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

Страница создана: 10.07.2018 12:49
Страница обновлена: 12.07.2018 12:10
Просмотров: 55
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн