Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

«Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін…»

09.08.2018

Газетіміздің биылғы 15 маусымдағы санында белгілі ғалымдар, тіл жанашырлары Амангелді Айталы мен Әбдіжәлел Бәкірдің «Мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек» деген мақаласы жарияланған болатын. Мақала оқырмандар тарапынан кең қолдау табуда. Бұл сөзімізге төменде жарияланып отырған ой-пікірлер анық дәлел бола алады.

 

 

 

 

 

 

Асқар ЖҰМАҚАЛИ,
ардагер ұстаз, 
Маңғыстау ауданының 
«Құрметті азаматы»

ТІЛДІ ҚҰРМЕТТЕМЕУ – НАМЫССЫЗДЫҚ

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде, өз тілімізбен өмір сүрейік! Бұдан артық қалай айтуға болады?Қажет десеңіздер, одан да оңайлатып айтайын, қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген болатын. Осы нұсқау сөзді бағдаршам ретінде пайдалана отырып, тиісті орындар жаппай іске жұмыла кірісті ме? Қазақ тілін өркендетуге қазіргі қоғам тіршілігінде үстем тілге айналдыруға жаппай шаралар іске асып отыр ма? Сауал көп, жауап жоқ. Ғалымдар мақаласы дер кезінде көтеріліп отырған, көптен елдің көкейінде жүрген, әбден пісіп жарылуға келген ісіктей шегіне жетіп тұрған мәселе. Авторларға алғыс айта отырып, қолдайтынымды білдіремін.
Біздер, аға ұрпақ өкілдері тәуелсіздігімізді алғанға дейінгі кезеңдердегі тіл жөнінде көрген қорлығымыз арнасынан асып төгіледі. Ауылдық жерлердегі орта мектептерді үздік бағамен бітірген түлектеріміз жоғары оқу орындарына түсу емтихандарында орыс тілінде диктант, шығарма жазудан «құлап», елге оралып жатты. Қаншама талантты жастарымыз өмірдегі өздеріне лайықты орындарына қол жеткізе алмай, ерте солды. Ел интернационализм рухымен суарылды, зиялыларымыз өзге ұлт қыздарына үйленді. Олар интернационал отбасы деп дәріптеледі. Жұмыс бабына да әсер етті. 15 одақтас республикалар аумағында халықтың тілін, дінін, салтын жою мақсаты көзделіп, бірыңғай кеңестік идеологияға бағынатын біртұтас кеңес үкіметі халқын жасау идеясы үстемдік етті. Бағынышты халықтардың өз дінін, салтын ұстауы ескішілдік, ұлтшылдық деп есептелді. Дұрысы, олар бағынышты халықтар, ата-бабаларының салтын, дінін сақтайтын ескішіл, өз Отаны, ұлтын сүйетін ұлтжанды, ұлтшыл болулары керек еді. Кеңес үкіметінің идеологиясы оған жібермеді. Сібірдің кейбір халықтары сияқты жойылып кете жаздап, аман қалдық. 1991 жылы Тәуелсіздігімізге қол жеткізуімізге байланысты қайта тірілдік, ел болдық, еңсеміз көтерілді.
Елдігімізді, ұлтымызды оның тілін, дінін, салтын жандандыруға ешқандай кедергі болуға тиісті емес. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы болашақты болжаудың, көрегендіктің, данышпандықтың белгісі дер едім. Елге жау шапқанда биік таудың басында алау, ұран отын жаққанда белдеудегі байлаулы атына киімін асығыс киіп, қолына қаруын ұстай сала, мініп ала шабатын. Қайран, бабалар рухы! Ұлтшылдық сезім, Отанын, елін, тілін, сүйетін рух керек-ақ. Бүкіл елді, қазақ халқын игі істерге жұмылдыратын, жігерлендіретін, көркейтуге, күшті ел жасауға ұмтылдыратын рух, идеология болуы керек. Қазақ тілінің өркендеуіне, кең етек жаюына арамыздағы түрлі деңгейдегі билік баспалдақтарындағы орыстілді қазақтар кедергі болып отыр деп есептеймін. Олардың орыстілді болуына өздері емес, ата-аналары кінәлі. Бұлардың кінәсі – қазақ тілін білуге ұмтылыс жасамауында. Бұларда талант бар, талап жоқ. Ал қазақ тілін білуге талаптанбау – олардың өздерінің ұлттық тілін менсінбеуі – ұлтын сүймеу және намыссыздық болып табылады. Тәуелсіздігімізді алғанға дейін қазақ халқы, әсіресе ауылдық жердегі қазақтар өз елінде өздерін екінші сортты адам санап, төменшіктеп келгендігі жасырын емес.
1991 жылдан, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейін жағдай бұрынғымен салыстырғанда оңалып, өзгере бастады. Еңсеміз көтерілді. Өзімізді өзіміз ел қожасы ретінде сезіне бастадық. Қазақ тілінде сөйлеуге, жазуға көңіл бөліне бастады. Қала көшелерінде қазақ тіліндегі жазулар көбейді. Соның өзіне де марқайдық. Бірақ әлі де қазақ тілінің үстемдігі үшін жасайтын жұмыстар, жеткіліксіз шаралар жетіп артылады. Қазақ балаларының тілі дүниеге келгеннен бастап өз ана тілінде шығып, қалыптасу керек қой. Орыстілді отбасыларында жағдай өзгеше. Әлі де балаларын орыстілді балабақшаларға, мектептерге беретіндер қатары аз емес. Өндіріс орындарында, мекеме ұжымдарында көпшілігі қазақтар бола тұрып өзара әңгімелері, жиналыстары орыс тілінде жүргізіледі. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізу шарасы бұдан 10-15 жыл бұрын қолға алына бастап еді, соңғы жағы сиырқұйымшақтанып, аяқсыз қалды. Алдағы уақытта қазақ тілінде сөйлеудің, жазудың бүкіл еліміз бойынша іске асырылу аясын кеңейтетін, ақылмен ойластырылған, ұлтаралық наразылық туып кетпейтіндей, заңдастырылған іс-шаралар ауадай қажет болып тұр. Мысалы, жоғары оқу орнына түсу үшін барлық ұлт өкілдерінің балалары қазақ тілінде диктант, әдебиеттен шығарма жазуға тиісті болса, мемлекеттік қызметтерге тек қана қазақ тілін білетіндер алынса, еліміздегі балабақшалардың тәрбие жұмыстары мемлекеттік тілде жүргізілетіндігі мұқият есепке алынса, орыстілді мектептердегі қазақ тілі пәндерінің сапалы жүргізілуі тексеріліп, топтарға бөліп оқыту (қазақ мектептеріндегі орыс тілін оқыту сияқты) іске асырылса, кез келген ұжымдағы жиналыстар тек қана қазақ тілінде өткізілетін болса, қазақ тілін өркендетуге қатысты тағы басқа да шараларды іске асыруды еліміздің жоғары оқу орындары көп кешіктірмей қолға алса және қазақ тілін заңмен қорғауды іске асырса үлкен істің басы қайырылатын еді.

Аталық ӘБДЕШҰЛЫ,
Маңғыстау облысы әкімі аппаратының
іс қағаздарын жүргізу инспекторы,
облыстық «Қазақ тілі» 
қоғамдық бірлестігінің Басқарма мүшесі

Уақытпен үндес

Елімізге белгілі ғалымдар, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы мен саяси ғылым докторы Әбдіжәлел Бәкір ағаларымыздың «Мемлекеттік тіл арнайы заңмен қорғалуы керек» деген мақаласына сай қабылданған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Үндеуі дер кезінде ұсынылған деп есептеймін.
Үндеуде кеңінен және жан-жақты қамтылған мемлекеттік тілдің бұрынғы және бүгінгі күнге шешілмеген проблемалары жөнінде қайталап айтқым келмейді.
Сонымен бірге А.Тасардың «Халық Кеңесі» газетінде 1992 жылғы 4 қыркүйекте «Қосарлап қоңсы қондыру – көңілге қонбайды» деген тақырыппен және осы газетте 1992 жылғы 26 қарашада «Тілдік құқықты кім қорғайды?» деген тақырыппен жарияланған мақаларында айтылған кейбір мәселелердің бүгінгі күнге де өзекті күйінде қалып отырғанын еске сала кеткенім артық болмас деп ойлаймын. Сол мезгілден бері 26 жыл өтсе де мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі өзінің заңды мәртебесінен төмен деңгейде қалып отыр.
Жергілікті билік тарапынан мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізуге барлық қажетті жағдайлардың жасалғанына қарамастан, мемлекеттік тіл – облыстық мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың басым көпшілігінде әлі күнге дейін жұмыс тілі бола алмай отырғанын өкінішпен айтуға тура келеді.
Мемлекеттік мекеме мен кәсіпорындар қызметінің негізгі жұмыс тілі орыс тілі болғандықтан, талап етілетін құжаттар алдымен орыс тілінде дайындалып, сонан кейін мемлекеттік тілге аударылып беріледі. Жұмыскерлер құрамында мемлекеттік тілді меңгермеген мамандар электронды сөздікке жүгініп, мемлекеттік тілдегі құжаттарды қазақ тіліндегі сөздер жиынтығын құрастырып сапасыз дайындауы тыйылмауда.
Оның үстіне мемлекеттік мекемелердің көпшілігінде мемлекеттік тілге аудармашы не редактор лауазымы қарастырылмаған. Яғни осы мекемедегі мамандар мемлекеттік тілдегі құжаттарды өздері дайындауға міндетті. Дәл осындай жағдайда, қазіргі күнге құжаттарды ресімдеуге қойылатын заңнамалық, нормативтік құқықтық актілер мен тиісті стандарттарға сәйкес қойылатын талаптар тұрғысынан мемлекеттік тілде іс жүргізу ісі әлі де ұзаққа созылуы мүмкін.
Бұл мамандардың орта мектепте он жыл бойы қазақ тілін оқығанына, одан кейін жоғары оқу орнында да мемлекеттік тіл – қазақ тілін оқығанына, қазіргі кезде бос мемлекеттік қызмет лауазымына орналасуға жарияланған конкурстың талаптарына сай тестілеуден өтіп, мемлекеттік қызметке орналасқанына назар аударайық. Өйткені мемлекет тарапынан осы мамандардың тек мемлекеттік тілді меңгеруі үшін мемлекет қыруар қаражат жұмсалғаны (мектептегі оқу-құралдары, сөздіктер мен әдістемелік құралдар, мұғалімдердің жалақысы, оқу кабинеттері және басқа да компьютерлік сөздіктер және т.б.) мәлім. Қаншама қаражат жұмсалды. Осыншама көлемдегі қаражаттың қайтарымы мардымсыз.
Мұның бәрі,мемлекеттік қызметке кірген мемлекеттік қызметшілерден мемлекеттік тілді білуін (сөйлей білуін, мәтін мазмұнын оқып түсіне білуін және ең бастысы, мемлекеттік тілде тиісті ресми құжаттарды түзіп жаза білуін) тиісті дәрежеде талап етілмеуінен орын алуда деп негіздеуге болады.
Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің атқарып отырған қызметін бағалаудың әдістемесінде де мемлекеттік тілден білімі, іс жүзіндегі атқарған жұмысының нәтижесі туралы талаптар да бағалау критерийіне енгізілмеген.
Осындай талап етілмеуінің салдарынан мемлекеттік мекемелердің басым көпшілігі жоғары тұрған мемлекеттік органдарға (министрліктер мен комитеттерге) мемлекеттік тілде ресімделетін ақпараттық хат алмасулардың едәуір бөлігін бұрынғысынша орыс тілінде жолдауы жалғасып келеді.
Мемлекеттік тілде іс жүргізу саласында орын алып отырған осындай жағдайлар «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл туралы» арнайы заң қабылдау арқылы мемлекеттік тіл заңмен қорғалуы керек екендігі жайындағы жоғарыда аталған ғалым ағаларымыз бен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Үндеуі уақытпен үндес деп есептеймін.

"Ана тілі" 9 - тамыз, 2018 ж.

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

Страница создана: 14.08.2018 10:12
Страница обновлена: 14.08.2018 10:14
Просмотров: 125
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн