Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Доклад руководителя о проделанной работе за первое полугодие 2018 года

М.Қ. Жақыпова

Ақмола облыстық

тілдерді дамыту

басқармасының басшысы

 

 

«Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл»

 

   Ақмола облысында қаңтар айында үш жүзден астам тіл жанашырларының қатысуымен өткен «Рухани жаңғырған ел болудың өзегі – мемлекеттік тіл» тақырыбындағы облыстық мәжіліс өңірде мемлекеттік тіл саясатын жүргізу жұмысын жандандырып, қоғам санасына серпін бергендей.

 Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының 2017 жылы тілдерді дамыту саласында атқарған жұмысының қорытындысы мен 2018 жылдың міндеттері қаралған бұл мәжіліске Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының орынбасары Асанғазы Оразкүл Асанғазықызының қатысып, бүгінгі қоғамдағы қазақ тілінің жағдайы мен болашағы туралы тұшымды ойларын ортаға салғаны халыққа рух беріп, әр қазаққа ой салды десек артық айтқандық емес. Мемлекеттік тілдің бала бақшадағы, мектеп пен колледждегі, мемлекеттік мекемедегі, әкімдіктегі жай-жағдайын түгел екшеген мәжілісте ақиқат ашығынан айтылып, атқарылатын нақты істер белгіленді.

Ұлы Абай «Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», деген екен. Мемелеттік тілдің мәртебесі үшін мемлекет тарапынан тиісті шаралар атқарылуда, тіл үренем деушілерге тосқауыл жоқ. Тек қоғамда қазақ тілінің қанат жайуы үшін әр қазақ еліне, жұртына, ұрпағына  жаны ашитын жақсы қазақ болуы керек. Мәжілісте бас қосқан тіл жанашырлары  жақсы қазақ болу идеясынан туған Үндеуін жариялады. Үндеу бұқаралық ақпарат  құралдарында  жарияланып, әлеуметтік желілер арқылы таратылып, облыстық департамент пен басқарма басшыларына, аудан мен қала әкімдеріне жолданды. Содан бергі төрт ай ішінде Үндеу қолдау тауып облыс бойынша мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруды, қоғамда қазақ тілді орта қалыптастыруды мақсат тұтқан 250-ден астам көпшілік іс-шаралар  ұйымдастырылып,  қырық мыңдай адам  қамтылды және де бұқаралық ақпарат беттерінде алпыстан аса мақала жарияланды.

Біз бабалар дәстүрінен нәр алып, болашақтың бағдарын айқындайтын Рухани жаңғыру жолын бастадық. Елбасы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында мемлекеттік мүддені көздеген нақты қадам - латын қарпіне көшу мен дамыған елдердің қатарында болудың шарты - үш тілділікті қалыптастыру бойынша барша қазақстандықтардың алдына  бірталай міндеттер қойды. Демек, тіл мәселесінің маңыздылығы жыл сайын артып келе жатыр. Мақсатқа жету үшін, Елбасы айтқандай, біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты­руы тиіс.

 «Ақмола облысында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары», «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына ауыстырудың негізгі аспектілері туралы Ақмола облысы тұрғындарын ақпараттандыру бойынша 2018-2020 жылдары ірі кәсіпорындар мен өңірлерге шығу кестесі және спикерлер тізімі» жасалып  облыс әкімдігімен бекітілді.  Ел ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделген бұл жоспар бойынша тілдерді дамыту басқармасы білім, мәдениет, мұрағат, жастар ісі басқарамаларымен және жоғары оқу орындарымен, колледждермен, мектептермен бірлескен нақты жұмыстар қарастырылған. Жалпы жыл басынан бері облыс көлемінде латын графикасына көшу тақырыбында 300 ден астам түрлі форматтағы іс-шаралар өтті.

Өңірдегі мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру бағытындағы жұмыс Қазақстан Республикасындағы тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  үшінші кезеңі, яғни 2017-2019 жылдарға арналған облыстық іс-шаралар жоспарына сәйкес, елімізде тұрып жатқан барлық этностардың тілдерін сақтай отырып, орыс, ағылшын тілдерін меңгерумен қатар, ұлттық бірлікті нығайтудың басты факторы ретінде мемлекеттік тілдің қызмет етуіне кең мүмкіндік беруді мақсат тұтқан  негізгі төрт бағытта жүргізіледі.

Мемлекеттік бағдарламаның бірінші бағыты бойынша мемлекеттік тілді меңгеру – балабақшада, мектепте, орта және жоғары оқу орындарында, сонымен қатар ересектерге тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді үздіксіз оқыту арқылы іске асырылуда. Облыстағы 603 мектепке дейінгі мекемеге баратын бүлдіршіндердің 60%-ы қазақ топтарында тәрбиеленеді, 2011 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11%-ға артты. Яғни өсу динамикасы бар. Былтыр облыстың жер-жерінде ашылған 23 балабақша мен шағын орталықтың ішіндегі мемлекеттік тілде тәрбие беретін 15-ін қосқанда қазақ тілді мектепке дейінгі мекеме саны 259-ға жетті. Биылғы жылы да облысымызда 21 мектепке дейінгі жаңа мекеме ашу жоспарланған, олардың ішінде де қазақ тілінде тәрбие-білім беретіндері көзделген. Қазақ тілі кеңістігіндегі қиыншылықтан шығудың білім жүйесіндегі жолын балабаша мен мектепке дейінгі мекемелерден іздеген жөн. Осы орайда соңғы жылдары этнос өкілдерінің өз балаларын қазақ тілді бақшаға беруі жылдан жылға артып келе жатқаны байқалады. Биылғы есеп бойынша облыс көлемінде екі мыңнан астам өзге ұлттың баласы мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбие-білім алуда. Ал орыс тілді балабақшаларда және аралас балабақшалардың орыс тілді топтарында қазақ тілі бағдарламаға сәйкес оқытылып келеді.

Кемеңгер жазушы Ғабит Мүсірепов «Қазақ мектебіндегі бала келешекте қай мамандыққа барам десе де, ең алдымен өзінің ана тілін, әдебиетін сүюі шарт. Сол сүюді орта мектеп табалдырығын аттаған соң да, мамандық, білім беретін жоғары мектепке ауысқанда да асыл қасиетіндей сақтауы керек», деген екен. Бүгінде Ақмола облысында жалпы орта білім беретін 565 мектептің ішінде қазақ мектебі -159, орыс мектебі – 187, аралас мектеп -219. Мекетептегі барлық оқушының 48 пайызы  қазақ мектептері мен аралас мектептердегі қазақ сыныптарында оқиды. Ал осыдан 5 жыл бұрын бұл көрсеткіш 41,8 пайыз ғана болатын. Яғни, жеті пайызға болса да жеткен өсім бар. Қазақ сыныптарында оқып жатқан 726 бала басқа ұлт өкілдерінен. Негізі қазақ тілін өздері білмесе де балаларының болашағын ойлап, оларды қазақ мектебіне берген өзге ұлт өкілдерінің азаматтық позициялары үлгі тұтарлық. Есесіне 16 мың 687 қазақ баласы орыс мектептерінде оқиды. Бұл жерде мәселе қазақ мектептерінің тапшылығынан емес, балаларын орыс тілді мектепке беретін өз қазағымызда болып отыр. Әлбетте, бұл әр қазақтың сана-сезіміне, өз ұрпағының болашағына деген жауапкершілігіне тікелей байланысты.

Қазақ мектептерінің қатарын көбейтуде еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері жақсы нәтиже беріп келе жатқан тәжірибе аралас мектептердің қазақ мектептеріне ауысуы. Мектепке дейінгі мекемелерде қазақ тілінде тәрбиеленіп жатқан 22 мыңнан астам бала ертең қазақ мектебіне баруы керек емес пе?! Және де бұл көрсеткіш жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Егерде жаңа оқу жылында аралас мектеп жергілікті тұрғындардың құрамын ескере отырып, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп, бастауыш сыныптарға балаларды қазақ тілінде ғана қабылдаған жағдайда, жылдар өте ол мектеп толық қазақ мектебіне ауысады. Мысалға, осы әдіспен 2013 жылы Степногорск қаласының № 9 орта мектебі, 2015 жылы Атбасар, Бұланды, Жақсы аудандарын да бір-бірден үш аралас мектеп толық қазақ мектебіне ауысты. Облыстық білім беру басқармасының жоспары бойынша 2020 жылы Біржан сал ауданы мен Степногорск қаласында тағы екі мектеп ауыспақ. Ал Көкшетау қаласында 2021 жылы бір мектеп, 2024 жылы бір мектеп осы әдіспен таза қазақ мектебіне өтпек. Рухани жаңғыру аясында Көкшетау қаласында биыл ашылуы жоспарланған 900 орындық қазақ мектебін қосқанда 2024 жылы облыс орталығында 7 мектеп қазақ тілінде білім-тәрбие береді деп болжануда.

Даңқты Бауыржан Момышұлы «Тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғамдық құрылысын, салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің, мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелі, мөлшері», деген.  Олай болса, қазақстандық жастардың мемлекеттік тілді меңгеруі алғышарт болмақ. Ал әзірге облыстағы 38 колледжде оқитын студенттердің 29,3% ғана қазақ тілінде білім алуда, дегенмен, тағы да сол 2011 жылғы көрсеткішпен салыстыратын болсақ, бұл көрсеткіш те 8,3% артты. Жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша орыс тілінде оқытатын колледждер мен аралас колледждердің орыс тілді топтарында қазақ тілімен әдебиеті пәні аптасына 4 сағат оқытылады. Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінде 20 өзге ұлттың өкілі мемлекеттік тілде оқып жатқанын айта кетуіміз керек. Олар болашақ қазақ тілі мамандары.

Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті студенттерінің 59%, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті студенттерінің 35,5%, Көкшетау техникалық институты курсанттарының 52,4% қазақ тілінде оқып, білім алып отыр.

Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығын қосқанда 20 тілдерді оқыту орталығында 2017-2018 оқу жылында 5320 тыңдаушы оқуда. Оның ішінде 2991-і мемлекеттік қызметші, 2329-ы азаматтық қызметші. Мемлекеттік тілді 4761 тыңдаушы, ағылшын тілі 559 тыңдаушы оқуда. Болжам бойынша 2020 жылға дейін Ақмола облысының мемлекеттік қызметшілерін толықтай оқытып шығу мүмкіндігі бар. 2018 жылдың 26 ақпаны мен 2 наурызы аралығында Ұлттық тестілеу орталығы арқылы облыс орталығындағы мемлекеттік және бюджеттік мекемелердің 2000 қызметкерінен Көкшетау қаласында «Қазтест» жүйесі бойынша жоспарлы түрде диагностикалық байқау сынағы жүргізілді. Сынақ нәтижесінің сапалық көрсеткіші 54% көрсетті. Орталықтардағы оқытушылардың біліктілігін арттыру мақсатында жыл басынан бері Зеренді, Аршалы, Бурабай аудандарында көшпелі семинарлар мен әдістемелік конференциялар өткізілді. Облыстық оқыту-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен онлайн режимінде айына бір рет барлық аудандық, қалық тіл оқыту ортлықтарының қатысуымен семинар өткізу де биылдан бастап жолға қойылды. Мысалға ағымдағы жылдың наурыз айында филология ғылымдарының кандидаты, «Үздік аудармашы» республикалық конкурсының бас жүлдегері, ілеспе аудармашы Камал Әбілқасымқызы Әлпейісованың қатысуымен онлайн режимде «Аудармашы тұлғасы және аудармашылық құзыреттілікті қалыптастыру» атты аудармашы-мамандарға арналған екі күндік семинар өткізілді.  

Ал жылда облыстағы барлық тілдерді оқыту орталықтарының қатысуымен тамыз кеңесін өткізу дәстүрге айналды. Облыстық тілдерді оқыту орталығының соңғы он жылдан бері жинақталған мол қорынан мемлекеттік тілді меңгеруде таптырмас көмек болып табылатын 500-ден астам оқыту-әдістемелік құралдары жинақталып, баспаға дайын тұр. Қазір облыс әкімінің қолдауымен қаражат мәселесі қарастырылуда.

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде. Қазақ тілі әлі бірте-бірте мемлекеттік қызметте, экономика мен өмірдің барлық саласында басымдық танытатын болады» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қашанда нық сеніммен айтып келеді. Ақмола облысы әкімдігімен жасалған Меморандум негізінде облыстық тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді, ағылшын тілін, үш тілді меңгерген ересек тұрғындардың үлесі бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізуге міндеттенген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша облыстағы мемлекеттік тілді меңгерген тұрғындардың үлесі 71%-ға жетті. Бұл көрсеткішті облыстағы ұлты қазақ азаматтар, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері,тілдерді оқыту орталықтарында мемлекеттік тілді оқыту курстарын аяқтап сертификат алғандар, жоғарғы және арнайы орта білім беретін оқу орындарының қазақ топтарында оқып жатқан өзге ұлт жастары құрайды. Аумақты дамыту бағдарламасы бойынша биылғы жылы бұл көрсеткіш – 74% жетпек.

Мемлекеттік бағдарламаның екінші бағыты бойынша мемлекеттік тілді көпшіліктің қолдануына қол жеткізу және оның пайдаланылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыс бұқаралық ақпарат құралдары арқылы іске асырылуда. Облыс көлеміндегі 97 бұқаралық ақпарат құралдарының (80 баспа, 17 электрондық) 15-і қазақ тілді, 32-і қазақ және орыс тілді, 31-і орыс тілді, 18-і қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көреді. Газет басылымдарында тұрақты түрде мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған 35 айдар ашылған. Облыстық телеарнада берілетін барлық хабарлардың 69%-ы, радиода 50%-ы қазақ тілінде таратылды. Жыл басынан бері мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру мақсатында республикалық, облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында 269 мақала жарық көрді.

2018 жылғы 28 мамыр күні мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, қазақ тілді контентті арттыру мақсатында  «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» облыстық конкурсы өткізілді. Конкурс ережесіне сәйкес мемлекеттік тілді дамыту, насихаттау, оның қолданыс аясын арттыру бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында материалдары жариялаған журналистер қатысты. Қазылар алқасының ұйғарымыммен «Үздік мақала» номинация бойынша І орынды Бәйішева Гәкку Асылбекқызы («Көкшетау» газеті), ІІ орынды Нұрсейітов Марат Мырзайұлы («Акмолинская правда» газеті), ІІІ орынды Ахметқалиева Ырысалды Төлегенқызы («Арқа ажары» газеті),   «Үздік телебағдарлама» номинация бойынша І орын Шамшиева Фариза Рахмедуллақызы («Степногорск қаласының Медиа орталығы» ЖШС,                   9 канал), ІІ орын Манарбек Ауғанбек Манарбекұлы («РТРК «Қазақстан» АҚ Ақмола облыстық филиалы) иеленді.

Былтырғы жылы облыстық телеарнада хабар тарату уақыты                         17 сағатқа дейін ұлғайып, соның нәтижесінде ашылған 30 шақты жаңа бағдарламаның қатарында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған «Жәдігерлер жаңғырығы», «Көкше қаламгерлері», «Тіршілік», «Жұлдыз-ай», «Бойтұмар» атты бағдарламалар көрерменге жол тартты.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы  мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен үш тілділікті насихаттау мақсатында биыл да оншақты мәдени-көпшілік шаралар өткізуді жоспарлады. Сәуір-мамыр айларында тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының педагогикалық шеберліктерін шыңдау мақсатында Ахмет Байтұрсынов атындағы облыстық байқау өткізілді. Байқау қорытындысы бойынша 3-жүлделі орынды Бурабай аудандық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы А.Қ.Маширова, 2-орынды Көкшетау қалалық  тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Г.Т.Қажкенова және 1-орынды Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушысы Г.Ш.Шахманова иеленіп, республикалық байқауға жолдама алды.

Көкшетау қаласында мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру, талантты жастарды танымал ету мақсатында «Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлері» атты облыстық байқау да ел ішіндегі өнерлі жастарды  көпшілік алдына шығаруға мүмкіндік берді. Қазақтың белгілі жазушыларының көркемдігі жоғары прозалық шығармаларынан үзінді, Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай поэзиялық шығармаларынан үзінді оқыған 15 үміткер қатысып, жүлделі І орынды Ақан сері атындағы Көкшетау мәдениет колледжінің студенті Маханбетияр Жәнібек жеңіп алды.

Жыл соңына дейін «Текті сөздің төресі - терме» атты жыршы-термешілер байқауы, «Үздік қызметкер» байқауы, «Тілдарын» облыстық олимпиадасы,  Астананың 20 жылдығына орай ақындар мүшәйрасы секілді мақсатты іс-шаралар өткізілмек.

Сонымен қатар Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған он күндік өткізудің жоспары жасалып, облыс әкімдігімен бекітіліп, орындаушыларға жеткізілді. Қырықтан астам тақырыптық шараларды қамтыған бұл жоспар негізгі төрт бағыттан құралды. Бірінші «Алаш зиялылары және қазақ тілі», екінші «Шешендік өнер - атадан қалған асыл мұра», үшінші «Тіл – достықтың айғағы» және төртінші жалпы мәдени-көпшілік шаралар. Осы төрт бағыттағы іс-шаралар облыс көлемінде 5-18 қыркүйек аралығында ұйымдастырылатын болады. Нәтижесінде бүгінгі қоғам, әсіресе өскелең ұрпақ 100 жыл бұрын қазақ тілінің қадір-қасиетін айтып кеткен ұлыларды танып, соңында салиқалы сөз қалдырған кемеңгер би-шешендермен қауышып, мемлекеттік тілге, этнос тілдеріне, үш тілділік мәселесі мен латын графикасына көшуге қатысты кеңінен ақпарат алып, танымдық деңгейін тереңдететін болады деп күтілуде. Бұл ауқымды іс-шараға облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйтқы болғанымен білім, мәдениет, жастар саясаты, ішкі саясат басқармаларымен қатар Ақмола облысы Қазақстан Халқы Ассамблеясының да тысқары қалмасы анық.

«Қазақ» газетінің ең алғашқы сандарының бірінде Ахмет Байтұрсұнұлы «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы - тіл» деп, ұлттық рухтың, болмыстың негізі де, арқауы да тіл екендігін сонау заманда-ақ айтып кеткен. Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуде мемлекеттік мекемелердің атқарар ролі зор. Облыста мемлекеттік тілде іс жүргізу көрсеткіші 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында 98,5 пайызды құрады.

«Қазақ тілі мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін, барлық жерде керек болуы үшін, біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет», дейді Елбасы. 2020 жылы мемлекеттік тілді меңгерген қазақстандықтардың үлесі 90%-ға жетуі керек деген тапсырма баршамызға де үлкен жауапкершілік жүктейді.

2016 жылдан бері Қазақстан Республикасы Мәдениет және спор министрілігі мен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамаларын қолдану саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттары және тексеру парағын бекіту туралы» бірлескен бұйрықтарына түзетулер енгізілуіне байланысты тексеріс жүргізу тоқтап тұр. Сондықтан бүгінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның сақталуын бақылау мақсатында басқарма тарапынан тексеріс жүргізу мүмкін болмай отыр. Осы орайда Ақмола облысы әкімінің 2018 жылғы 28 ақпандағы № 20 Өкімімен  облыс әкімдігі жанынан «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс тобы» құрылды. 21 мамырда өткен жұмыс тобының алғашқы отырысында  Көкшетау қаласы №1 «Арман» балабақшасы, М.Ғабдуллин атындағы №3 көптілде оқытатын кәсіби мектеп-гимназиясы, Ақмола облысы білім басқармасының Көкшетау қаласы №1 құрылыс-техникалық колледжі, Ақмола облысы жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы, Ақмола облыстық Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшыларының, Біржан сал ауданы әкімі орынбасарының  есептері тыңдалып, түйінді мәселелер қарастырылды.

Қазақстандықтардың тілдік мәдениетін көтеруге қатысты үшінші бағытта ең алдымен, әкімшілік-аумақтық бірліктердің атауларын жүйеге келтіруді қамтамасыз ету мәселесі көзделуде. Ақмола облысында барлығы 598 елді мекен бар, оның  329-ы қазақша атауда, ал 269-ы орысша аталады. Облыс аумағындағы 5760 көшенің 3006-ы қазақ тілінде де, қалған 2754-і орысша аталады. Бүгінде  ономастика саласындағы мораторий алынып идеологиялық тұрғыдан ескірген және қайталанатын атауларды ретке келтіру мақсатында ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту жұмыстары жүргізілуде. Былтырғы жылы ономастика саласында қол жеткен жетістіктер баршылық. Мысалға Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ақмола облыстық филармониясына Үкілі Ыбырайдың, Ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне Балуан Шолақ есімдерінің берілуі. Соның ішінде шоқтығы биігі, біраз жылдан бері шешімін таппай жүрген іс оң нәтижесін беріп, Ақмола облысы үшін ерекше қуанышты жағдай ел Тәуелсіздігі қарсаңында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданының Біржан сал ауданы болып қайта аталуы екенін мақтанышпен айтамыз. Жалпы облыс көлемінде былтыр идеологиялық тұрғыдан ескірген 237 атау қайта аталып, 110 атаусыз көшеге тиісті атаулар берілсе, биыл Көкшетау қаласының 41 көшесі қайта аталып, 27 көшесі мен 1 шағын ауданын қайта атау мәселесі облыстық мәслихаттың қарауына енгізілді. Сонымен қатар жуырда облыстық ономастика кимиссиясында қаралған 181 жаңа атаудың ішінен 159 көше мен 8 елді мекенді қайта атауға оң қорытынды берілді.

 Отаршылдық пен тоталитарлық дәуірлерден қалған атаулардан біртіндеп арылып келеміз десек те, әлі шешілмеген мәселелер, кезегін күтіп тұрған істер жетіп-артылады.  Жер атын, елді мекен, көше атауларын өзгерту ең алдымен ел­дікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Сондықтан, ұлттық мүдде таразыға салынатын осы іске асқан жауапкершілікпен қарап, ономастикалық жұмысты дәлелді де дұрыс жүзеге асыру ел тарихын екшеп, көп ізденуді, табандылықты талап ететін жұмыс. Ономастика саласындағы жұмыстарды жүргізген кезде ашықтық қағидаттарын енгізу, ақпараттық-танымдық жұмыстар жүргізу арқылы қоғамда оң пікір қалыптастыру  және бұқаралық ақпарат құралдарын кеңінен тарту істі алға бастыратыны сөзсіз. 

Бүгінгі таңда сыртқы жарнама мен көрнекі ақпарат, дербес мониторларда берілетін жүгiртпе жолдар, тауарлық жапсырмалар және т.б. мәтіндерінің қате жазылуы ішінара кездесіп жатады. Өз тарапынан Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасымен бірге Көкшетау, Степногорск қалалары мен 17 ауданның мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері «Жедел желі» арқылы тегін консультациялық көмек көрсетеді, облыстағы жарнама агенттігі өкілдеріне «Қазақстан Республикасының Тіл туралы» Заңының сақталуына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Соның нәтижесінде былтыр облыс аумағында ілінген 257 сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың эскиздеріне келісу жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар жыл басында облыстық тілдерді дамыту басқармасы әлеуметтік желілерде «Жарнамаға жайбарақат қарама!» атты акция жариялады. Аталмыш акцияға әлеуметтік желіні пайдаланатын кез-келген адам қатыса алады. Facebook, Instagram желісіндегі облыстық басқарманың жеке парақшасында мемлекеттік тілде сауатсыз жазылған жарнама мен басқа да көрнекі ақпаратты көрсеңіз дереу фотосуретке түсіріп, орналасқан мекен-жайын көрсетіп, сол қателіктерді әлеуметтік желіге емес, нақты шара қолданып түзету үшін, міндетті түрде Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасының арнайы телефонының WhatsApp байланысына салу туралы ақпарат жарияланды. Нәтижесінде төрт айда осы акция аясында Көкшетау қаласы бойынша жиырмадан астам жарымжан жарнама түзетіліп, жарнама иелерімен түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Облыс аумағында мемлекеттік тілді насихаттайтын  20 билборд жыл сайын жаңартылып отырады. Биылғы жылы тілдерді дамытуға қатысты билбордтар санын облыс бойынша жетпіске жеткізу жоспарланды.

Мемлекеттік бағдарламаның «Қазақстан халқының лингвистикалық капиталын дамыту» бойынша төртінші бағыты білім мен ғылымның, инновацияның, жалпы Қазақстанның дамыған жағдайында біздің алдымызда тұрған үш тілді меңгеруге арналған. Биылғы Жолдауының жетінші міндетінде - адами капиталды білім берудің жаңа сапасына қолжеткізу арқылы дамыту көзделген. Ондағы ой егер біздің ұрпағымыз үш тілді біліп қана қоймай, сол тіл иелерінің тарихын, білім, ғылымын біліп өссе, өркениеттің жаңа сатысына көтерілер едік дегендік. Жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қазақстандықтарға үш тілді меңгеру керектігі сөзссіз. Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша 100% оқушы үш тілде білім алады.

Соңғы үш жылдан бері облыс көлемінде 7 мектепте үш тілде білім беру жолға қойылған, тағы 15 мектепте ішінара енгізілген. Жетістіктер де бар. Мысалға «Білім-инновация» лицейінің мұғалімдері Нұрғожаев Ғанидың биология пәнінен, Артықбаев Асхаттың физика пәнінен, Ахметов Нұрсұлтанның информатика пәнінен республика бойынша үш тілде жазылған тұңғыш оқулықтардың авторы болғанын және осы оқулықтардың республиканың пилоттық мектептерінде қолданылып жатқанын мақтанышпен айтамыз. Жылда оқушылар арасында орыс, ағылшын тілдерінен өтетін республикалық олимпиадаларда оқушы жастар жүлделі орындарды иеленіп, жақсы білім сапасын көрсетуде.

Мектеп бітірушілердің ағылшын тілін еркін меңгеруі Отандық және шетелдердің айтулы жоғары оқу орындарына түсіп, жақсы мамандық алуының алғы шарты. Мысалға, мектеп түлектерінің еліміздің маңдайалды жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын Назарбаев Университетінде, әлемге әйгілі АҚШ-тың Гарвард университетінде, Индиана және Аризона университеттерінде, Гонконг университетінде, «KAIST» Корея озық ғылым мен технология институтында, Мәскеу Мемлекеттік Халықаралық қатынастар институтына түсіп, әлемдік деңгейде білім сапасын танытуы  біздің облыс қана емес жалпы ел мерейі.

Биылғы Жолдауында Елбасы Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде екенін айтты. 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптардағы жаратылыстану ғылымының жекелеген пәндерін оқытуды ағылшын тіліне көшіру басталмақ. Ақпараттық кеңістігімізде орыс тілінің маңызды рөл атқаратыны даанық.  Жаңартылған бағдарлама бойынша қазақ мектептерінде бірінші сыныптан бастап оқытылуы енгізілген орыс тілін білу маңызды болып қала береді.

Нәтижесінде «біздің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді меңгеретін болады», деген Елбасының сөзі бізді тағы да болашаққа бастайды, сонымен қатар әрқайссымызға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Мемлекеттік бағдарламаға сәйкес 2012 жылдан бері тілдерді оқыту орталықтары жанынан ағылшын топтарын ашу мәселесі қолға алынған. Қазір ағылшын тілі курстары 20 орталықтың 18-да жұмыс істейді. Бүгінде ағылшын тілін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі 2017 жылы - 7,1 пайызға жетіп, орыс тілін меңгерген тұрғындардың үлесі 2017 жылы - 83% құрады.

Қытайдың атақты философы Конфуций айтқан екен: «Тіл бірлігі болмаса, пікір бірлігі болмайды. Ал ортақ түсіністік таппаған елде бірлік болмайды. Сондықтан бәрінен де бұрын адамдар арасындағы бірлікті ұстап тұрған тіл мәселесі маңызды» деп. Ақмола облысында тұратын этностар тілдерін оқып-үйрену және сақтау мақсатында облыстағы этномәдени бірлестіктермен, Ақмола облысы ассамблеясымен тығыз байланыста жұмыс жүргізіледі. Қоғамдық келісім мекемесінде арнайы сыныптары бар «Шаңырақ» тілдерді оқыту мектебінде әр жексенбі сайын орыс, поляк, неміс, татар, армян, чуваш, кәріс барлығы 7 тіл оқытылады. Әрбір топта өз тілдерімен қатар  қазақ тілі және елтану пәндерінен сабақ беріледі. 2017-2018 оқу жылында 7 топта 200 оқушы ана тілдерінен білім алуда.

Еліміздегі азаматтық татулық пен тұтастықты сақтай отырып, ұлт бірлігін нығайтудың аса маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілдің конституциялық мәртебесін қамтамасыз ету, өзге тілдердің еркін қолданылуына ықпал ету, осы жолда адал еңбек ету – ұлтқа қызмет ету деп білемін.

Страница создана: 10.07.2018 16:35
Страница обновлена: 10.07.2018 16:35
Просмотров: 18
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн