Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Жаңа әліпби жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

26.07.2018

Қазіргі таңда елімізде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы негізінде күрделі де құнды бастамаларды іске асыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Соның бірі – қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру болып табылады. Жаңа әліпбиге көшу – жаңа мүмкіндіктерге жол ашатыны сөзсіз.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев 2018 жылдың 20 ақпанында латын графикасына негізделген қазақ алфавитіне қайтадан өзгеріс енгізгені елді елең еткізбей қоймады. Бұл әліпбидің алдыңғысынан ерекшелігі мен артықшылығы апострофтардың жоқтығы болып табылады. Себебі, апостроф қолдану арқылы жазылған сөздерді ғаламторда пайдалану қиынға түсетінін байқадық. Мысалы, a`debiet (әдебиет) деп жазар болсақ, ғаламтор оны «а» және «дебиет» деп іздеуі мүмкін. Сондай-ақ, интернет желісін қоя тұрып, қарапайым көркемдік-эстетикалық жағы ойландырмай қоймайды.

Бұрынғы нұсқаның кемшілігі қазіргі нұсқаның артықшылығын тайға таңба басқандай көрсетіп отыр. Олай ойлауымызға себепші болып отырған жағдай, апострофты әріптердің орнына акуттардың (әріп үсті штрих) қолданылуы. Бұл эстетикалық жағынан қарағанда, өте ыңғайлы, әрі жинақы көрінеді. Мысалы, А` – Á (Ә), N` — Ń (Ң) қарап отырсаңыз, апострофты «ә» мен «ң» әріптері көп орын алады, ал акутты нұсқалары әлдеқайда аз орын алады. Сол себепті де ә, ғ, ң, ө, ү, у әріптерінің жазылуы көңілге қонымды. Ал і, и, й әріптерінің жағдайы не болмақ? Бұл әріптерді бір-бірінен қалай ажыратамыз? Мұндайда «и» және «й» жағдайы түсінікті, фонетикалық жағынан дау тудырмайды, эстетикалық жағымен де келісуге болады, бірақ «і» әрпінен қалай ажыратамыз, әсіресе, үлкен әріптерді. Тіпті мына пікірді жазу барысында кириллицадағы «і» әрпін латын графикасымен қалай жазарымызды білмей қалдық. Классикалық латын әліпбиінде нүктесіз «і» жоқ екен. Сондықтан, қазақ тілінің «І» әрпін латын жазуындағы акутты «ĺ» әрпімен алмастыруды ұсынар едік. Ал, диаграфтық «sh» «ch» таңбалары қала бергені жөн.

Соңғы үлгідегі әліпби негізінде өз басым көптеген тәжірибелер өткіздім. Мәселен, мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізу пәнінде студенттеріме латын графикасына негізделген әліпби бойынша таныстырылымдар жасап, сабақ барысында іс қағаздар үлгілерін толтыртқызып отырдым. Соның нәтижесінде студенттер жаңа әліппені 100 пайыз меңгеріп шықты деуге болады. Жылдам меңгерулерінің бірден-бір себебі, жоғары оқу орындарында үштілдік білім жүйесінің қолданылып, сабақтардың біразы ағылшын тілінде өтуінде деген ойдамын. Сонымен қатар, латын графикасымен мектеп кезінен таныс студенттер жаңашылдықты лезде қабылдап алды да, берілген тапсырмаларды жақсы орындап отырды. Бір қызығы, бұл эксперимент түріндегі сабақтарға қатысушылардың жартысы ғана өзіміздің қандастарымыз, ал, тең жартысы өзге ұлт өкілдері еді. Байқасаңыздар, әлем бойынша кириллицаға қарағанда, латын графикасының үлесі мол.

Бұл қазіргі замандағы ІТ технология, интернет желісі сияқты маңызды салаларда қазақ тілінің өркендеуіне септігін тигізіп, тіліміздің табиғатын аша түсері анық. Нәтижесінде өскелең ұрпақ өз ана тілінің деңгейі күн санап өсіп келе жатқанын байқап, қазақ тілінің өркендеуіне тікелей себепкер болады. Жастар бар жерде жаңашылдық та болады. Соңғы кездегі жақсы жаңалықтардың, жаңашылдықтардың бірі – қолданысқа ұсынылып отырған жаңа әліпби, ал, жаңа әліпби – жаңа мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдеміз.


Әйгерім ЕСЕНАМАНОВА,
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің «Аударма ісі және шет тілдері» кафедрасының оқытушысы,

қазақ тілі және әдебиеті пәндері бойынша педагогика ғылымдарының магистрі.

Арқа ажары 26.07.2018 

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

Страница создана: 02.08.2018 17:32
Страница обновлена: 02.08.2018 17:39
Просмотров: 56
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн