Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Мәдениеттер үндестігінің негізі

05.07.2018

Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» бағдарламасы бойынша Ұлттық аударма бюросы басып шығарған оқулықтардың ішінде М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты еңбегі ерекше көзге түседі.
Мәдениетаралық коммуникация – әртүрлі ұлт өкілдерінің әрқайсысының жеке тұлға ретіндегі тілдік және мәдени айырмашылықтарының толық және жан-жақты көрінетін тұсы. Мұндай әртүрлі ұлт өкілдері қатысқан мәдениеттер тоғысында әр адам жеке тұлға, сол қоғамның белді мүшесі немесе белгілі бір ұлттың мәдениет өкілі әрі осы қатысымдық әрекеттің бір субъектісі ретінде сахнаға шығады.

 

Жеке тұлғаның бойында осы аталған аспектілердің барлығының жинақталатынына қарамастан ­мәдение­таралық коммуникация деңгейіндегі әрекеттің де өз ерекшеліктері болады. Ол мәдениетаралық деңгейдегі сұхбаттасушыдан тек қана сол сәттегі қатысым құралына айналып отырған тілді білуді ғана емес, сонымен бірге сол елдің мәдени деректерінен де хабардар болуды талап етеді. Ондай деректер сол халықтың адамгершілік туралы, дін туралы көзқарастары мен ділінен, мәдени құндылықтарынан мәлімет береді. Екі жақты немесе көп жақты мәдениеттер сұхбаттастығын үйлестіру – тек қана бір-бірінің мәдениетіне түсіністікпен және құрметпен қарағанда ғана мүмкін болатыны дәлелденген құбылыс. Міне, біздің талдау нысанына айналдырып отырған оқулығымыз осындай мәселелерді, атап айтқанда, әртүрлі ұлт пен мәдениет өкілдерінің өзара ымыраластық пен ынтымақтастық жағдайындағы түсінісуіне не керек, осы орайда не маңызды деген мәселелерді терең талдап көрсетіп береді.
Аталған оқу құралының орыс тілін­дегі нұсқасының алғы сөзінде Мәс­кеу мемлекеттік университетінің рек­торы В.А.Садовничий былай дейді: «Мәскеу университетінің «Классикалық университет оқулығы» сериясымен шыққан «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқу құралын мазмұны терең, ұсынылған оқу материалдарының тиімділігімен ерекшеленетін, оқыту әдісі мен әдістемесінің баға жетпес тәжірибесі жинақталған қазіргі заман үшін аса қажет оқу құралы деп тануға болады. Сондықтан бұл оқу құралы – тек Мәскеу университетінің ғана емес, Ресейдің өзге өңірлеріндегі университеттер, тіпті бүкіл дүниежүзі университеттері пайдалануға болатын оқу құралы». Осы пікірге ден қоя отырып, С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттарына арналған оқу құралының қазіргі әлем халықтары тығыз араласып, «шекарасыз әлем» жағдайында өмір сүруге ұмтылыс жасап жатқан кезеңінде Қазақстан студенттері үшін де аударылып, ұсынылуын дер кезінде жасалған игі іс деп түсінеміз. Студенттер мен шетел тілдерін, орыс тілін және қазақ тілін өзге тіл ретінде оқытатын оқытушылар үшін, тіпті кез келген тілші-маман, басқа да сала мамандары үшін бұл оқулықтың мәні аса зор. Себебі оқулық кез келген оқырманды да, мәдениеттер сұхбатына қатысушы белгілі бір мәдениеттің атынан сөйлейтін тілдік тұлғаны да тіл, мәдениет, мәдениетара­лық коммуникация мәселелеріне қатыс­ты көптеген беймәлім мәселелерден ха­бардар етіп, олардың ерекшеліктері мен маңызын түсіндіреді.
Қазақстан жағдайында қазіргі үш тұғырлы тіл саясатына орай – қазақ, ағыл­шын, орыс тілдерін қатар оқытумен бай­ланысты бұл оқулықтың маңызы арта түспек. Себебі оқулықта көтерілетін мәселелердің барлығы ағылшын тілін оқытумен байланысты беріледі. Мысал ағылшын тілінен алынып, орыс тілімен салыстырылып отырады. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту үстінде де мұны тиімді пайдалануға болады. Мысалы, ағылшын, орыс тілдеріндегі мысалдың қазақ тіліндегі баламасын беру арқылы немесе берілген материалды келтірілген мысалға ұқсас, қазақ тіліндегі мағынасы жақын мысалмен толықтыру арқылы ұсынуға болады. Сонда үш тілдің арасындағы өзгешеліктер салыстырылып, ұқсастықтар көрініп, тілді оңтайлы оқып-үйрену тиімділігі байқалады. Сондықтан да оқу орындарында өзге тілді оқытып үйрету сол елдің мәдениетін меңгерту арқылы (сол халық мәдениетінен алынған мәтіндер, мысалдар, деректер, оқиғалар, т.б.) жүзеге асуы тиіс дейтін ұстаным маңызды орынды иеленіп отыр. Өйткені ел мен елдің, халық пен халықтың әртүрлі саладағы қарым-қатынасы саясатқа да, экономикаға да, басқа да толып жатқан мемлекетаралық кедергілерге қарамастан өз жолымен жалғасып, дамып, өрістеу үстінде.
Адамдар арасындағы қатынас негізінен сөйлесу, тілдесу арқылы жүретін болғандықтан мәдениетаралық коммуникация жеке адам үшін де, сала мамандары үшін де өте қажет мәселе екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін фактор. Әсіресе, тілдерді өзге тіл ретінде оқытып меңгертуде студенттердің өзге ел мәдени құндылықтарына түсініс­тік­пен, құрметпен қарай білуін, мәде­ниет­аралық коммуникацияға икемді­лі­гін қалыптастыру оқыту үрдісінде аса маңызды. Алайда тіл, мәдениет, мәде­ниетаралық коммуникация мәселе­леріне арналған мұндай жеке зерттеу еңбегі немесе оқулық қазақ тілінде әзірге жоқ еді.
Оқулық қазақ тіліне жеңіл де, жатық аударылған. Оқулықта тіл мен мәде­ниеттің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге арналған, коммуникация ұғымының өзіне, оның айналасындағы басқа да толып жатқан мәселелерге берілген анықтамалар көп кездеседі. Олардың ағылшын тіліндегі нұсқасы мен қазақ тіліндегі нұсқасы қатар жүріп отырады. Осы аудармалардың қай-қайсысы да ағылшын тіліндегі түпнұсқа мазмұнын сақтап, орыс тіліндегі мазмұнынан да ауытқымай, біріншіден, дәл берілген, екіншіден, аударма өзінің нақтылығымен, анықтығымен және қазақ оқырманының ұғымына сай болып аударылғандықтан, қазақтілді оқырманның оп-оңай, жеп-жеңіл түсінуін қамтамасыз етіп тұр.
Сондықтан оқу да, түсіну де жеңіл, оның үстіне оқулықта айтылған мәсе­лелер мазмұнының жүйелілігімен өзіне тартып отырады.
Оқулық аудармасының мынадай үш ерекшелігін бөліп көрсетуге болады:
1. Қазір кез келген тілді өзге тілді дәрісханада оқытуда сол тіл иесі халық­тың мәдениеті арқылы оқыту бағыты немесе танымдық-лингво­мәдениет­танулық бағыт дейтін оқыту ұстанымы алға шығып отыр. Бұл ұстаным бойын­ша тілді оқыту кезінде пайдаланылатын сөйлеу әрекеті түрлері сол ел мәдениетінен алынған мәтіндерді, деректерді, оқиғаларды, сұхбаттарды, т.б. пайдалану арқылы жүреді. Ал мұндай мәліметтерде міндетті түрде сол халық тіліндегі аялық білім түрлері (реалиялар, логоэпистемалар, лакундар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, т.б.), әртүрлі сол халықтың ұлттық ділінен туындайтын ұғымдар мен түсініктер кездеседі. Аталған мәліметтерді дұрыс түсіну, мағынасына дұрыс интерпретация жасай алу, оларды өз сөзінде дұрыс қолдана алу – мәдениетаралық коммуникацияның дұрыс жүруін қамтамасыз ететін алғы шарттардың ең бастысы. Сондық­тан оқу­­лық мәдениетаралық коммуника­ция­ның дұрыс жүруін қамтамасыз етуге бағытталып, ұғымдар мен түсініктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі талдай отырып, орыс тілі мен ағылшын тіліндегі мысалдарды салыстыру жолымен жүйелі баяндау мақсатын көздей келе, өте тиімді әдіс­темелік жол көрсетеді. Бұл жол алдағы уақытта қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мақсатында жазылатын көптеген әдіс­темелік жұмыстарға арқау болары анық.
2. Оқу құралы – шетел тілдерін оқып-үйренудегі әлеуметтік фактордың рөліне аса мән беріп, айрықша ықылас тоқтатады. Бұл тұста автордың әлеуметтік мәдени комментарийді мәдениеттер арасындағы тартысты (культурный конфликт) шешу жолындағы ерекше бір тәсіл ретінде қарастырғаны байқалады. Сөйтіп келіп, әлеуметтік комментарийдің түрлері айтылады. Әлеуметтік мәдени аспектінің аясында көркем әдебиетті түсіну мәселесі де сөз болып, бұл салаға арнайы тарау бөлінеді. Тарау «Қоғам мәдениетінің өзгеруі мен дамуының тілдегі көрінісі» деп аталады. Мұндағы «Көркем әдебиетті түсіну мәселелері. Әлеуметтік комментарий арқылы мәдени шиеленістерді шешу» дейтін тақырыпшаларда айтылатын мәселелердің өзі-ақ көп нәрсені аңғартады. Мысалы: «…Қоғамның дамуына сәйкес орын алатын мәдениеттегі қарама-қайшылық, оның мәдени қақтығыстары тек өзге мәдениет өкілдері арасында ғана емес. Халық өміріндегі әлеуметтік өзгерістердің тереңдеуі соншалық, өз ата-бабаларының мәдениеті мен дүниетанымын мүлде білмейтін белгілі бір мәдениетті ұстанушы халық өмірінде қарама-қайшылық пайда болады. Классикалық әдеби шығармаларға берілетін комментарийлер қазіргі және өткен кезеңді сипаттайтын тұңғиық терең су үстіндегі көпірдің немесе бүгінгі оқырманға өткен дәуірдің детальдарын көру мүмкіндігін беретін сиқырлы көзілдіріктің қызметін атқарады» дей келіп, «Орыс классиктерінің шығармаларында Ресейдің төңкеріске дейінгі тұрмыстық өмірін бейнелейтін жүздеген ұғым-түсініктердің кездесуі қазіргі оқырман қауымына «кедергі келтіретін тас сияқты», не мүлдем түсініксіз, не мүлде керісінше ұғынылады» деген филолог Юрий Федосюктің сөзін береді. Бұл ойға мысал ретінде қазіргі орыс тілінде мағынасы өзгеріске түскен сөздерді келтіреді. Мұндай мысалдарды, келтірілген дәйектерді оқыған кезде, бұл сияқты ұғымдар мен түсініктер, сөздер қазақ тілінде де, қазақ жазушыларының ертеректе жазылған шығармаларында да ұшырасады ғой, сондықтан тілді өзге ұлттың өкіліне ғана емес, өз ұлтымыздың қазіргі балаларына да түсіндіру қажет қой деген ойға қаласың. Осы себептерден кейін бұл оқулықтың қазақ тіліне аударылуы осы бағыттағы қазақ тіліндегі еңбектердің, атап айтқанда оқулықтардың, монографиялардың, диссертациялардың жазылуына да түрткі боларына сене бастайсың.
3. Оқулықта көптеген терминдер (мәдениеттер қақтығысы, мәдениеттер тартысы, мәдени шиеленіс, мәдени есеңгіреу, мәдениеттер соғысы, әлемнің мәдени бейнесі, мәдениеттер тоғысы, мәдениеттер қиылысы, әлеуметтік –мәдени комментарий, т.б.) аталып, дефинициялары беріледі. Бұларды ерекше жаңалық демесек те, қазақ ғылыми тілінің толығуына қосылған сөз тіркестері деп қабылдауға әбден болады.
Адамның әлемді танып білуінен ­туындап, оның таным қалтарыстарының астарында жасырынып жататын, әр адамның өзіне ғана тән қабілетінің көрінісі болып табылатын оның тілі, жеке тұлға ретінде қалыптасатын мәдениеті, әрине, ешкімге ұқсамауы ықтимал нәрсе. Сондықтан бүгінгідей ұлт пен ұлт, тілдер мен тілдер, мәдениеттер мен мәдениеттер араласы айрықша белең алған заманда, өзге мәдениетке төзімділік көрсете білуге, оған қызығушылық танытып, құрметпен қарауға тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыруы да уақыт талабы деп түсінуіміз керек. Ал оқулық авторы С.Тер-Минасованың мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне назар аударып, оның құпиясын түсіндіруге жасаған бұл іргелі еңбегінің қазақ тіліне аударылуы дер кезінде қолға алынған өте құптарлық жұмыс деп қараймыз.

Әсипат ӘЛМЕТОВА,
Абылай хан атындағы Қазақ
халықаралық қатынастар және әлем
тілдері университетінің профессоры,
педагогика ғылымының докторы

ANA TILI 5 - шілде, 2018 ж  147 0

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

Страница создана: 10.07.2018 15:50
Страница обновлена: 12.07.2018 12:26
Просмотров: 87
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн