Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Орамды ойлар мен пәрменді пікірлер қалыптасқан онкүндік

05.10.2018

Қазақстан Халқы тілдері күні мерекесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес енді 5 қыркүйек - қазақ халқының тағдыры, тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай өтетін болды. Осы айтулы мереке Ақмола облысында биыл мемлекеттік тілдің мерейін үстем еткен, әр заманда өмір кешкен тіл жанашырларының еңбегін мирас етіп, қалың қауымға ой салған, тілдердің салтанат құруына септігін тигізен онкүндік аясында өткізілді.

Ақмола облысы әкімдігі бекіткен Жоспарға сәйкес обыстағы барлық оқу орындарында, мәдениет үйлерінде, мемлекеттік ұйымдарда, тілдерді оқыту орталықтарында онкүндік салтанатты түрде ашылып, түрлі форматта ұйымдастырылған екі мыңнан астам тақырыптық іс-шараларға қатысқандардың саны 300 мыңнан асты.

Көкшетау қаласында бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткен брифингтен бастау алған онкүндік Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің  «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КЕАҚ мен Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде"  республикалық семинарымен ашылып, тілдер мерекесіне ерекше маңыз берді. 

«Ахмет Байтұрсынов – ұлт мақтанышы», «С.Сейфуллин - ұлттық рухты жаңғыртқан ақын», «Әлихан Бөкейхановтың тағылымды тағдыры», «Мағжан мұрасы – ұрпақ санасында», «Жүсіпбек Аймаутов – тарихи тұлға», «Мыржақып Дұлатовтың өнегелі өмірі», «Алаш қайраткері - Халел Досмұхамедұлы», «Көрнекті қайраткер - Жұмағали Тілеулин», «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы – Майқы би», «Келелі сөздің кемеңгерлері», «Шешендік өнер – құнды мұра, асыл қазына», «Билердің сөзі – нақылдың көзі» атты тарихи хроникалық сағаттар, бейнефильм көрсетілімдері, әдеби кештер, шешендік сайыстар әр мектепте, әр кітапханада өтті десек артық емес. Осы бір ақпараттық сағаттар арқылы-ақ қазақ тілінің қадір-қасиеті, шешендік өнердің озық үлгілері жас ұрпақтың санасына сіңіп, жадына қонды.

Биылғы Тілдер күні мерекесіндегі көңіл қуантарлық бір жаңалық Ақмола облысында тұңғыш рет  «Жалпы орта білім беретін мекемелердегі қазақ тілінде оқытылмайтын сыныптарға сабақ беретін «Үздік қазақ тілі пәні мұғалімі» номинациясымен облыс әкімінің Гранты тағайындалды.

Грант иегерлерін анықтау мақсатында Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Тіл туралы» Заңдарына сәйкес Ақмола облысының білім басқармасы байқау ұйымдастырып, Бурабай ауданынан Сұрағанов Дамир Шоқанұлы – гран-приге, Жақсы ауданынан Алшынбаева Жанаргүл Зиядақызы – 1-орынға, Целиноград ауданынан Зәмзебай Кенже Серікбекқызы – 2-орынға, Көкшетау қаласынан Көпжасарова Бибігүл Кенжеғалиқызы – 3-орынға лайық деп танып, жеңімпаздар бөлінген Грант мөлшерінде қомақты ақшалай сыйақымен марапатталды.   

Бұл игі қадам ұлт бірлігін ңығайтудың маңызды факторы - мемлекеттік тілді өркендетіп, қазақ тілін оқытудың инновациялық әдістемесін қалыптастыру, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру, озық педагогикалық тәжірибені насихаттауға мол мүмкіндік беретін болды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрында «Ұлттық код, ұлттық сана, ұлттық бірегейлік» өңіраралық байқауы Ақмола, Солтүстік-Қазақстан, Қостанай облыстары және Астана қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаменттері арасында өтті. Қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін жетік білуді талап ететін өңіраралық байқауда Ақмола облысы бойынша департаментінің «Көкше қырандары» командасы шеберлік танытып 1-орынды иеленсе, ізінше  14 қыркүйекте Астана қаласында өткен республикалық байқауда  үшінші жүлделі орынды жеңіп алды.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің ұжымы ұйымдастырған «Мемлекеттік тіл – қызмет тілі» атты көшпелі іс-шара да экопарк алаңында өткізіліп, мазмұнды ойын-сауық бағдарламасына сәйкес түрлі сайыстар өткізіліп, командалар Қазақстан халқының тілдері, мәдениеті, тарихы мен дәстүрлері туралы терең білімдерін паш етті. Іс-шараға белсенді қатысып ең көп ұпай жинағаны үшін 1 орын - сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының командасына, 2 орын - мемлекеттік қызмет басқармасының командасына, 3 орын - мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының командасына бұйырды.

Тілдер мерекесінде Ақмола облысы судьялар қауымдастығының атсалысуымен Көкшетау қаласының көшесіне дархан даланың дара билерінің бірі Бапан бидің есімі берілді. Өйткені әлемдегі ешбір халықтың, ешқандай мемлекеттің даму тарихында кездеспейтін, тек қазақ ұлтының санасында сақталып, оның қоғамдық өміріне мінсіз қызмет еткен билер соты, олар ұстанған әділдік – біздің өнеге алар, таусылмас құқықтық байлығымыз.

Шоқан Уәлиханов атындағы КМУ-да ағылшын тілі және оқыту әдістеме кафедрасы өткізген  «Полилингвизм: тіл, мәдениет, қоғам» атты дөңгелек үстелде студенттер дүние жүзіндегі көптілділікті дамыту болашағы, Қазақстанда іске асырылып жатқан тілдер ұштұғырлығы саясаты, қазіргі қоғамда шет тілдерін оқып үйрену маңыздылығы мен қажеттілігі туралы пікір алмасып, шет тілдерін оқып үйрену саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Тілдер  күні мерекесіне арналып үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында Көкшетау қаласында 18-22 жас аралағындағы жастар қатысқан «Тілдарын» облыстық олимпиадасы да сәтті өтті. Олимпиадаға Көкшетау, Степногорск қалалары мен Ақкөл, Аршалы, Атбсар, Бурабай, Біржан сал, Ерейментау, Сандықтау, Целиноград, Шортанды аудандарының үміткерлері қатысып, өз білімдерін сынға салды. Үш тілді жетік меңгерген білімді жастар қатарынан 1-орынды Мерей Қанағатова (Көкшетау қаласы), 2-орынды Арман Қожанов (Бурабай ауданы), 3-орынды Дәурен Тұрғынбаев (Аршалы ауданы) иеленді. Олимпиада жеңімпаздары дипломдар, алғысхаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Қазан айының 19 жұлдызында өтетін республикалық  «Тілдарын - 2018» олимпиадасына Ақмола облысы атынан Мерей Қанағатова қатысатын болды.

Он күн бойы салтанат құрған тілдер мерекесінен бір де бір аймақ тысқары қалған жоқ. Талай орамды ойлар, пәрменді пікірлер қалыптасты. Мемлекеттік тілдің этносаралық түсіністікті, қоғамдағы ынтымақтастықты нығайтудағы рөліне баса назар аударылды. Екшеп айтар болсақ:

Көкшетау қаласының Қазақ қалалық үлгілі кітапханасында өткен «Келелі сөздің кемеңгерлері» шешендік сайысына қатысқан жастар би-шешендердің нақыл сөзін жатқа айтып,   бүгінгі қоғамдағы келеңсіз оқиғаларға әділетті шешім айтып, өз пікірлерін білдірді. Бұл сайыста Көкен Шәкей атындағы ақындар мектебінің жетекшісі, айтыскер ақын Мұхамед Қонқаев бірінші орынды жеңіп алса, Жанайдар Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжінің оқытушысы Оспанова Шолпан Самыратқызы екінші орынды, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университтетінің студенті Наурызхан Абылай үшінші орынды иеленді. Жастарға  өзінің өнерімен, салиқалы ақыл-кеңесімен ой салған, би-шешендеріміздің нақылдарын үлгі еткен Шәйкенов Мұхтар Кеңесұлы «Келелі кесім - әділ шешім» номинациясы бойынша, Ташетов Тілеген «Ұшқыр ойлы оқырман» номинациясы бойынша, Ақан сері атындағы Мәдениет колледжінің студенті Ғарифолла Мейржан,Бірлік  мөлтек аудандық мектебінің оқушысы Файзолла Лаура «Ең тапқыр қатысушы» номинациялары бойынша марапатталып, жастар ана тілін ардақ тұтатындарын дәріптеді.

Орталық қалалық үлгілі балалар және жасөспірімдер кітапханасында өткен «Мемлекеттік тіл – менің тірегім» атты байқауға қатысқан қалалық   мектептердің оқушылары  мемлекеттік тілмен қатар өз тілдерін де құрмет тұтатындарын көрсетті. Жүлделі 1-орынды №17 орта мектеп оқушысы Байрамов Илхам (жетекшісі Муканова Гүлмира Бримжанқызы), 2-орынды № 21 орта мектеп оқушысы Берестова Ксения (жетекшісі Нұрғалиева Макфуза Нұрташевна), екінші 2-орынды №6 орта мектеп оқушысы Попова Анастасия (жетекшісі  Кенжекеева Қарлығаш Темірбекқызы), 3-орынды № 12 орта мектеп оқушысы Тумгоева Эсет (жетекшісі Айтпаева Алтынай Әскербекқызы) екінші 3-орынды №1  орта мектеп оқушысы Моисеева Таися (жетекшісі Белгібаева Жанар Төлегенқызы) иеленді. Бұл шара ұлты басқа – тілі бір, мақсаты бір жасөспірімдердің жетіліп келе жатқанын көрсетті.

«Достар» мәдениет сарайында түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен өткен «Ән – халықтың ажары» атты қазақша караоке вокалды-музыкалық байқауына қатысқан оқу орындарының студенттері Юрко Олеся (1 орын), Кольцова Анна (2 орын), Глебова Наталья (3 орын), Брейм Валерия, Лобас Виктория, Новик Алена, Джафарова Сабина, Кочетыгов Юрий, және КТИ курсанттары Сильченко Владимир мен Подгородецкий Петр нағыз қазақстандық патриотизмнің үлгісі болды.

Степногорск қаласында «Горняк» орталық мәдениет сарайында алаңында мәні мен сәні келіскен «Бір шаңырақ астында» атты тілдер фестиваліне 300-ден астам  мұғалімдер, оқушылар, жастар, қала тұрғындары қатысты. Достық және шығармашылық үйінде «Ұлы даланың-Ұлы тілі» атты мемлекеттік тілге арналған шараны «Русская община», «Полония», «Сателлит» атты орыс, поляк, неміс этно-мәдени бірлестіктері жалғастырып әкетті. «Тіл – әлем есігін ашатын кілт», «Если дружат люди – дружат языки» атты шаралар қызықты өтті.

Ақкөл ауданында Алаш қозғалысының жетекшiсi, публицист, ғалым, аудармашы, қазақ елінің тарихында «Ұлт көсемі» деген атқа ие болған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 152 жыл толуына орай «Ұлт мақтанышы - Әлихан Бөкейханов» атты байқау, жас мамандар арасында  «1001 мақал, 101 жұмбақ» сайысы сәтті өтті. Сайысқа Домбыралы, Еңбек, Өрнек, Урюпин, Азат ауылдарынан  және Ақкөл қаласынан 14 жас маман қатысты.

Аршалы ауданының барлық мемлекеттік мекемелерінде «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» атты онкүндік, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Тіл- достықтың кепілі» атты аудандық байқау өткізілді. Аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері библиомарафон ұйымдастырып, Алаш арыстарының өмірі мен шығармашылықтарына арналған буклеттер таратты. «Үш тілділік - жастардың болашақ мүмкіндігі» тақырыбында үш тілде полиглот марафонын өткізді.

Астрахан ауданының Тілдерді оқыту орталығы «Қаз дауысты Қазыбек би» тақырыбында ақпараттық-танымдық шара ұйымдастырып, Қазыбек би өмірінен мағлұмат беріп, би сөздерін мәнерлеп оқу мен мазмұнын талдауға мән берді.

Өзбекстандағы Қазақстан жылы мерекесіне байланысты өзбек тілі күні ұйымдастырылып, өзбек халқының көрнекті ақыны, мемлекет қайраткері және ұлы ғалымы Әлишер Науаидың өмірі баяндалды.

Атбасар ауданының тілдерді оқыту орталығы тілдер мерекесін «Рухани тәуелсіздіктің басты негізі – қазақ тілі» тақырыптық шарасымен бастап,  «Қазақтың бес арысы - Ахмет, Шәкәрім, Мағжан, Міржақып,  Сұлтанмахмұт» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Шараға аудан және қала әкімдігі, аудандық бөлімдер, қазынашылық басқармасы, кітапхана т.б сала қызметкерлерінен құралған топ тыңдаушылары белсене қатысты. Бес арыс туралы мағлұмат алып, тұлға есімдерін латын қарпімен жазған тыңдаушылар кейіннен тарих қойнауына шолу жасады. Алаудандық мәдениет  үйінде өткен «Текті сөздің төресі- терме»  атты  термешілер фестивалінде Мейрам Қалмағанбетов, Бекзат Жұмаенов, Зәуреш Жүсіпбекова, Жанар Сибанбаева, Файзулла Ибадуллаев, Қымбат Мәжкен, Әділбек Бағдат, Әділбек Нұрдыбектер өнер сынасты. Сонымен қатартүрлі ұлт өкілдері отбасыларымен қатысқан «Қазақстан халықының достығы» Фестивалі мерекеге жиналған бір де бір адамды бей-жай қалдырмады.

Біржан сал аудандық кітапханасында көпшілік оқырмандардың қатысуымен үш тілде «Тіл байлығы – ой байлығы» атты білгірлер сайысы мен «Қазақша сөйлесейік» акциясы өткізіліп, «Мемлекеттік тілді құрметтейік» атты үндеу парақшалары таратылды. Аудандық ардагерлер Кеңесі мен Əшім ата мешітінің ұжымы Тілдерді оқыту орталығымен бірлесіп  аудандық "Аталар мұрасы - халық қазынасы " атты тақырыпта бата беру байқауын өткізді. Байқау қорытындысы бойынша 1 орынды Аңғал батыр ауылының тұрғыны Ғабит Рахат, 2 орынды Степняк қаласының тұрғыны Бұрмағанов Мырзабек, 3 орынды Аңдықожа батыр ауылының тұрғыны Үмітхан Манарбек иеленді.

Бурабай ауданында Тілдер күні мәдениет үйінің алаңында салтанатты түрде онкүндіктің ашылуына орай мерекелік бағдарламамен басталды.Ұрымқай орта мектебінде өткен «Қазақ халқының төбе биі - Майқы би» атты көркемсөз оқуында оқушылар Майқы бидің ғибратты сөздерін жатқа айтып, түсіне оқып, өздерін жан жақты көрсете білді. Аудан орталығында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Көрнекілік сауаттылығы – қоғамға сын» атты семинар өткізіп жарнамаға қатысты түйінді мәселелерді талқылады.

Бұланды ауданы Тілдерді оқыту орталығы аудандық кітапханада Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдық мерейтойына орай «Алты алаштың ақиық ақыны-Мағжан» атты әдеби кеш өткізді. Әдеби кешке қатысқан оқушылар Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін», «Анама», «Мен кім?» атты өлеңдерін жатқа оқып, Мағжан Жұмабаевтың сөзіне жазылған Иран Тасқараның әні «Сағыныш» бейнетаспадан көрсетіліп, жергілікті ақындардың Мағжанға арналған жырлары оқылды.

Егіндікөл ауданы Тілдерді оқыту орталығы оқушылар мен тыңдаушылар үшін ашық сабақ пен тіл сайсын өткізді. Іс-шара барысында қатысушыларға көптеген викториналық, грамматикалық, тарихи сұрақтар қойылды және мақал-мәтелдер мен белгілі азаматтарды тану жөнінде мағлұматтар берілді.

Ерейментау ауданында «Мемлекеттік тіл – менің тілім!» атты форум мен мақал – мәтел сайысы өткізілді. Сайысқа жер кадастры, су арнасы, жұмыспен қамту орталығынан  тыңдаушылар қатысып, ұтқыр ой, жылдам сөз саптау, мақал –мәтелдерді орнымен қолдану нәтижесінде жеңіс мәресіне жетті.

Есіл ауданының модельді аудандық және балалар кітапханасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиіне көшу: тарихы, келешегі, дамуы» тақырыбында дөңгелек стол кітапхананың коворкинг орталығында өтті.

Жақсы ауданының тілдерді оқыту орталығында «Kırıllıtsa-latınıtsa» атты интеллектуалдық ойын-сабағы жетілдіру деңгейінің тыңдаушыларымен өткізілді. Ал «Тілден терең теңіз жоқ» атты аудандық байқау Тілдерді оқыту орталығында білімді де білікті мамандарының басын қосты. Байқауда 1 орын тапқырлығымен, сауатты жауаптарымен көзге түскен Жақсы аудандық Жастар ресурстық орталығының жастар жөніндегі маманы А. Елеусузоваға бұйырды.  Жүлделі 2 орынды аудандық «Жақсы жаршысы» газетінің тілшісі Б. Досанова ие болды. 3 орынды аудандық мәслихаттың жетекші маманы Д. Сүлейменова иеленді.

Жарқайың ауданында «Ал десе, мен бір жүйрік ағындаған...» атты ақын Қарсақ Қопабайұлын еске алу кешімен ашылған онкүндікте Өмірлік ауылы мектебінің бейнелеу пәнінің мұғалімі Қ.Т. Байшин «Бір шаңырақ астында» тақырыбында  сурет көрмесін ұйымдастырды. Аудандық газеттер мен телеарнада «Тіл-достықтың алтын көпірі» атты айдар ашылып, онкүндік аясында 20-ға жуық мақала жарияланып, барлық аудандық шаралар жергілікті «Сары арқа»телеарнада көрсетіліп отырды.

Зеренді ауданы онкүндік қорытындысында «Тіл-ұлттың жаны» атты форум өткізіліп, тіл жанашырлары ой бөлісті.Форум барысында қазіргі кездегі тіл мәселесі, латын әліпбиі жайында сөз өрбіп, қатысушыларымыз өз ойларын ортаға салды.

Қорғалжын ауданының «Ақ-Ботақан» балабақшасында басталған мереке мектептерден өтіп, аудандық  мәдениет  үйінде  «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» республикалық  семинар – перактикумымен жалғасты. Семинарға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми - сараптама кеңесінің мүшесі, Қазақстанға еңбек сіңген қайраткер Дос  Көшім, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі  Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл - Қазына» ұлттық ғылыми - практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тлешов, Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастығы М. Жақыпова қатысты. Аудан әкімі Б. Ғайса жиынды ашып, жүргізіп отырған республикалық семинарға 250 адам қатысып, жиналғандар пікір алмасып, семинар жоғары деңгейде өтті.

Сандықтау ауданында Тілдерді оқыту орталығы мерекені Балкашин селосының тұрғындары арасында «Біз қазақша сөйлейміз» атты акциямен бастап, жастар арасында «Мемлекеттік тіл-менің тілім» аудандық байқауын өткізді. Байқауға Балкашин №1 орта мектебінен Котельникова Валентина, Лесной орта мектебінен Шахгиреева Хава, Приозерное орта мектебінен Кляцких  Валерия сынды белсенділер қатысты. Акция барысында 500-ге жуық ауыл тұрғындарына мемлекеттік тілді насихаттау жайында парақшалар, мемлекеттік және ағылшын тілдері бойынша ақысыз курстарға шақырулар таратылды.

Целиноград ауданында аудан әкімдігінің қызметкерлері өз мүмкіндіктерін «Мемлекеттік тіл-мемлекеттік қызметте» сайысында сынға салып архитектура, экономика, жер қатынастары қызметкерлері А. Абаева, Ә.Мырзабекова, П. Досмағанбетов, Б. Матмұратов, А. Ғазиз мемлекеттік тілге деген ынталарын көрсетті.  Осындай шара аудандық Ішкі істер бөлімінде де сәтті өтті.

Шортанды ауданында  алғаш рет Тілдерді оқыту орталығының ағылшын тілі оқытушысы А. Баймусинованың бастауымен жоғары сынып оқушыларының арасында «Spelling bee» байқауы өткізілді. Ауданның 3 мектебінен 24 бала қатысып, оның ішінде 6 бала өздерін жақсы көрсетті. №3 ОМ-ның 9-сынып оқушысы Каменов Алишер мен №2 ОМ-ның 11-сынып оқушысы Левин Андрей, №3 ОМ оқушысы Қоңқабаев Алишер, №1 ОМ-ның 9-сынып оқушысы Вдовин Сергей, №2 ОМ оқушысы Вдовина Полина, №3 ОМ оқушысы Чука Күнсұлу алғыс хатпен марапатталды.

Осылайша әр қалада, әр ауданда, әр ауылда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндік аясында Жоспарға сәйкес «Алаш зиялылары және қазақ тілі», «Шешендік өнер – атадан қалған мұра», «Тіл – достықтың айғағы», «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» топтамаларында қоғамға пайдалы көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.

Облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының қолдауымен онкүндік ішінде «Ақмола облысының еврей мәдени орталығы» ҚБ ұйымдастырған еврей тілінен ашық сабақ өткізіліп, «Менің өмірім, менің тағдырым» кітабының авторы Александр Сергеевич Гвоздев еврей тілінің пайда болу тарихы туралы оқушыларға кең мағлұмат берді. «Орыс қауымдастығы» ҚБ ұйымдастыруымен «Бари» армян мәдени орталығы» ҚБ ұйымдастыруымен өткен армян тілі мерекесіне Қазақстан Республикасындағы Армения Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі А.А.Саакян қатысып, оқушы балаларға армян тілінде жазылған кітаптарды сыиға тартты. «Видергебурт» Ақмола облысының  немістер қоғамының ұйымдастыруымен өткен неміс тілі мерекесінде деректі фильмдер жанрына жататын және депортациялауды, соғысты  бастан өткізіп, бірақ адамдық қадір-қасиетін және өмірге деген сүйіспеншіліктерін сақтап қалған немістер туралы әңгімеленетін екі деректі фильм көрсетілді. «Ақмола облысының «Вайнах» шешен-инғұш қоғамы» ҚБ ұйымдастыруымен өткен инғұш тілі күні Дали Дударкиева орындаған қазақ тіліндегі ұлттар достығы туралы әнмен ашылды. Балалар ата-аналарымен бірге туған тілдерінде мақал-мәтелдер айтып, өлеңдер оқып, ән шырқап, көрініс қойды. «Чинсон» корей орталығы» ҚБ ұйымдастырған корей тілінен ашық сабақ «Шаңырақ» тілдерді үйрету  мектебінде өткізілді. Іс-шара барысында балалар өздерінің білімдерін корей тілінде ғана толықтырып  қоймай, әрбір азамат өз ана тілін оқып, үйренуге құқылы саналатын біздің еліміздің заңымен танысты. «Ақмола облысының татар-башқұрт орталығының» ұйымдастыруымен өткен татар тілі күні балалардың шығармашылық шабытынан шыққан еліміздегі татулық, достық туралы салған суреттері көз қуантты. Ақмола ҚХАА жанындағы татар-башқұрт орталығының «Галиябану» фольклорлық ансамблі ән-шашуымен мерекелік шараның сәнін келтірді.

Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен онкүндік аясында Көкшетау қаласында Ш.Уәлиханов атындағы КМУ мен Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт студенттері қатысқан «Қазақшаңыз қалай?» атты акциясы өткізілді. Студенттер Көкшетау қаласының қызмет көрсету орындарына (банктер, қонақ үйлер, ХҚКО, темір жол, әуе кассалары, емханалар, Activ, Beeline байланыс орталықтары т.б.) барып, таза мемлекеттік тілде өтініш жасап, қажетті сұрақтарымен жүгінді, алайда, мемлекеттік тілді білмеген қызмет көрсетушілер және менеджерлер қысыла тұрып орыс тілінде жауап қайтарған. Акция қорытындысы бойынша "Қоғамдық келісім" КММ залында өткен дөңгелек үстел басында акцияға қатысқан жастар Көкшетау қаласында сұраныс болған жағдайда ғана мекемелердің басым көпшілігі қазақ тілінде қызмет көрсететінін айтып, «Қазақ тілді орта қалыптастыру өзіңе, өз талабыңа тікелей байланысты!» деген қортындыға келді. 

Онкүндіктің соңғы күні Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасы Қазақстан халқы Ақмола Ассамблеясымен бірлесіп, өзге ұлт өкілдерінің арасында «Әнім сенсің, Туған жер!» атты байқауын ұйымдастырды. Облыстық деңгейде екінші рет өткізіліп отырған байқау қазақ тілін барлық қазақстандықтарды біріктірудің басты факторы ретінде дамытуға, сондай-ақ этнос өкілдерінің туған тілдерін дамыту үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталды. Байқауға әр түрлі мамандық иелері, 21 дарынды жерлестеріміз қатысты. Олардың ішінде оқушылар, студенттер, мұғалімдер, мәдениет қызметкерлері, медбике, инженер, электромеханик, үй шаруасындағы әйел, зейнеткерлер бар. Қатысушылар қазақ тілінде ҚАЗАҚСТАН туралы әндер мен  орыс, украин, неміс, поляк, корей, татар тілдерінде әндер шырқап қазақстандық патриотизм мен елжандылық танытты. Байқауда бас жүлдені Көкшетау қаласынан Альбина Рудт, 1 орынды Сандықтау ауданынан Наталья Лазарева, 2 орынды Жақсы ауданынан Евгений Городов, 3 орынды Аршалы ауданынан Лариса Назарова иеленді. Байқаудың финалистері Қазақстан халқы тілдері күніне арналған онкүндіктің салтанатты жабылу гала-концертіне қатысып, көрерменнің көңілінен шықты.

Тіл – адамазат баласының бір-біріміен ойды білдірудің, дүнетанымын жеткізудің, пікір алмасудың жалпылама қатынас құралы. Ол қоғамымызда, өмірдің, іс-әрекеттің барлық саласында кең көлемде қолданылады. Дүние жүзінде қаншама ұлт пен ұлыс болса, соның басым көпшілігінің өз тілі бар. Ұлттар достығының ұстаханасы саналатын елімізде тіл саясаты өз деңгейінде жүргізіліп, Ата Заң аясында өркендеп келеді. Бүгінде мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту, орыс және ағылшын тілдерінің мәдени қызметін қалыптастыру және этностық топтардың тілдерін сақтау бағытында осындай келелі істер атқарылуда.

 

Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасы  

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

                         

  • (9)-min.png
  • (18)-min.png
  • (14)-min.png
  • (16)-min.png
  • (17)-min.png
  • (10)-min.png
  • (5)-min.png
  • (12)-min.png
  • (6)-min.png
  • (19)-min.png
  • (15)-min.png
  • min.png
  • (11)-min.png
  • (13)-min.png
  • (1)-min.png
  • (8)-min.png
  • (4)-min.png
  • (7)-min.png
  • (3)-min.png
  • (2)-min.png
Страница создана: 05.10.2018 17:17
Страница обновлена: 05.10.2018 17:30
Просмотров: 35
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн