Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

Сыбайлас жемқорлыққа бой алдырмау – арыңды былғамау

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2014 жылғы 26 желтоқсанда Қазақстан Республикасының 2015 - 2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы негізінде қыруар шаруа атқарылуда. Осы стратегиялық құжатта «басты назар сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күреске емес, оның алғышарттарын жоюға аударылуы тиіс» деп атап көрсетілген.

Осы мақсатта Ақмола облысының тілдерді дамыту басқармасы жемқорлыққа қарсы тұрақты тәртіпті қалыптастыру мақсатында қызметшілердің сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу тұрғысынан өз міндеттерін орындаудағы тікелей әрекеттерін айқындайтын «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт» әзірлеп, бекітті.

Басқарманың интернет-ресурсында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі туралы арнайы тараудың жұмыс істеуі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша «Сенім телефонының», жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен хаттарына арналған пошта жәшігінің оңтайлы жұмыс істеуі қамтамасыз етілген. Бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалып, мемлекеттік сатып алу процедураларының заң аясында өтуі, салық органдарына мемлекеттік қызметшілердің табыс салығы туралы декларацияларының уақытында тапсырылуы да жіті қадағаланады. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның 8-бабына сәйкес басқарманың бөлімдеріне сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жарты жылда бір рет ішкі талдау жасалып тұрады.

Бұл өзге де мемлекеттік мекемелерде атқарылуы талап етілетін жоспарлы жұмыс. Ал қоғамның саналы мүшесі ретінде мемлекеттік қызметшінің жеке ұстанымы қандай болмақ? Мақсат - қоғамдық кеселдің алдын алу. Ең бастысы -  жас ұрпақтың бойына жаман әдетті дарытпау, сыбайлас жемқорлыққа деген төзімсіздікті қалыптастыру. Сый-сияпатсыз мемлекеттік қызмет көрсетуге дағдылану. Ол үшін не істеу қажет? Әрине, шаруасын жең ұшынан жалғасып жайғауды әдет қылған, тамыр-танысты таптаптаурын қылатын, әділдікті ағайыншылыққа жығып беретіндердің санасын өзгерту оңайлықпен болмайтын іс. Көпке топырақ шашудан аулақпын. Тек, «тура биде – туған жоқ» дегенді тікбақай санайтын қазекеме бұл тұрғыда өзгеру керек-ақ.

Рухани жаңғыруға бет бұрған қоғамда «өзгеруді өзіңнен баста» деген түсінік қалыптасып келеді. Дегенмен, күні бойы мектепте, оқу орнында, қоғамдық шараларда сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы тыңдап келген баланың отбасында ата-анасының ағайын-туысты салып, басшылардың аузын алып, тағы да басқа жолдарын тауып,  оның болашағын жасап жатқанын көргенде көз қарасы қандай болмақ?

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Жемқорлыққа деген жаттық пен жақындық та сол отбасында қалыптасатыны сөзсіз. Педагог-психологтардың пайымдауынша өскелең ұрпаққа ең өтімдісі өнеге екен. Яғни оларға ертелі-кеш ақыл айтқаннан гөрі қандай да болмасын мәселені адалынан шешкен, соны олардан да талап еткен дұрыс –ау, сірә.

 Тәуелсіз мемлекет құрып, егеменді ел болып еңсемізді көтергенімізге енді бірер жылдасын отыз жыл толмақ. Жас мемлекетіміз де орда бұзар отызға таяды. Осы жылдар ішінде әлемнің озық отыз елінің қатарына қосылу үшін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен ел экономикасын нығайтуға, құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етуге, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған нақты қадамдар жасалуда. Өркениетті ел болу үшін мұнымен қатар қоғамдық сананың жетілуі шарт.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек»,- деген сөзі әркімнің жеке ұстанымына айналуы керек деп білемін.

 

 

Жақыпова Марал Қажыкенқызы

Ақмола облысы тілдерді дамыту

басқармасының басшысы

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

 

Страница создана: 26.09.2018 12:35
Страница обновлена: 26.09.2018 12:46
Просмотров: 28
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн