Карта сайта Мобильная версия Версия для слабовидящих RSS
Государственное учреждение
"Управление по Развитию языков
Акмолинской области"
Қаз Qaz Рус

Aqmola
г. Кокшетау, ул. К.Сатпаева, 1Б, к.332
Приемная: 8 (7162) 40-11-69
E-mail: lang@akmo.kz

ТІЛ ДАУЫНЫҢ ЗІЛІ АУЫР

09.08.2018

Тіл – кез келген ұлттың ең жанды жері. Тілі жойылған күні ұлт та өзінің кескін-келбетін, мәртебесі мен мәнін жоғалтады. Сондықтан қай кезде де, қандай қоғамда да өзін-өзі сыйлап, құрмет тұтатын намысты нәсілдер туған тілінің тұғыры жолында күресумен келген. Кешегі қылышынан қан тамған кеңестік қоғамда да сондай селбес себеппен мемлекеттік машинаның оттығына қарсы ұмтылған жүрекжұтқан жұрағаттар кездесті. 

1978 жылдың көктемінде Тбилисиде орын алған көтеріліс тап осы тілге жасалған қиянаттан туындады. Ол орыс тілінде шығатын республикалық «Заря Востока» газетінде жарияланған Грузин КСР-інің жаңа Конституциясы жобасынан от алды. Онда республикада бірінші кезекте орыс тілін дамытуға көңіл бөлінетіні, содан кейін ғана жергілікті жұрттың қолданысындағы басқа тілдерге мән берілетіні атап көрсетілген екен. Бұл жергілікті грузин тілі жанашырларының арқаларынан қамшымен аямай осып жібергендей болды. Дәсәуілде қауесетпен, күңкілмен басталған наразылық толқыны бірте-бірте күшейіп, ақырында кең көлемді қарсылық қозғалысына айналып кетті. Мұның басында жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары тұрды. Осы жерде көпшілік Грузияның 1937 жылы қабылданған Конституциясында грузин тілінің мемлекеттік тіл екені тайға таңба басқандай етіп атап көрсетілгенін, онда «орыс тіліне қамқорлық жасау» туралы әлдеқандай бір жанама анықтаманың болмағанын еске алды. Грузин тілінің мәртебесі сақталып қалуын жақтаған шоқтай шоғыр үнпарақтар жазып таратып, жұртты шеруге шығуға шақырды. Айтқандай, сол кезде дәл осындай мазмұндағы, бірінен бірі айнымайтын Конституциялар барлық одақтас рес­публикаларда қабылданған еді. Бірақ грузиндерден басқа ешкім бұлай алағай-бұлағай болған жоқ. Ал содан бір жыл бұрын, 1977 жылы қолданысқа енгізілген Одақ Конституциясы КСРО-да орыстандыру саясатын барынша күшейте түсуге бағыт ұстаған-ды. Сөйтіп, елдегі барлық ұлттық республикалардың салт-саналары көпе-көрінеу аяққа тапталды. Міне, осы лингвистикалық-саяси өктемдік гүржілердің ар-намысына тиіп кетсе керек. Мұның үстіне, сол кезге дейін-ақ картвель (грузин) тілінің орта мектеп пен жоғары оқу орындарындағы сағаты күрт қысқартылып кеткен екен. Бұған ұлт зиялы қауымы қатты қарсылық білдіріпті. Сондықтан олар сәуірдегі қарсылық қозғалысына қосылған. Солардың сапында академик-лингвист Акакий Шанидзе мен «Грузия-фильм» киностудиясының директоры Резо Чхеидзенің қызы Тамрико айрықша белсенділік танытқан. Мысалы, Шанидзе грузин тілінің жергілікті жердегі басымдығы жөніндегі мақалалар топтамаларын жергілікті газеттерге тоғытса, Чхеидзе республика Конституциясының жаңа редакциясына қарсылық білдіруге үндеген парақшаларды көшелердегі бағандар мен тақталарға жапсырумен болған.
Қарсылық акциясы өзінің шарықтау шегіне 14 сәуір күні жетіп, жоғары сынып оқушылары, студенттер, зиялы қауым өкілдері мен ұлт мүддесіне бейжай қарай алмайтындардан құралған жүз мың адамдық топ Тбилисидің орталық алаңына жиналды. Бұл шын мәніндегі туған тілдің келешегі үшін бастарын бәйгеге тіккен ержүрек жұрттың ерен-ғайып кейпін көрсететін шерлі шеру еді. Әйтпесе, бұдан тура 22 жыл бұрын, 1956 жылдың 4 наурызы күні Сталинді қаралауға байланысты науқанға қарсы шыққан халықтың тап осы жерде қанды қырғынға ұшырағаны, жиырмадан астам адамның оққа ұшып, ондаған адамның жарақат алғандары әлі ұмытыла қойған жоқ-тын. Сондықтан республиканың басшысы Эдуард Шеварднадзе сол қанды қырғынды еске түсіріп, жұртты тыныштануға шақырып бақты. Бірақ көптің қалың нөпірі бұған тоқтар болмады. Ол жолай шеп құрып тұрған милиция жасақтары қатарын баса-көктей өтіп, кедергі етіп қойылған жүк көліктерін ысырып тастап, туған тілдері туралы ұрандарды қосыла қайталап, алаңның төріне қарай жапа-тармағай ұмтылды.
Осы төтенше жағдайда шұғыл жиналған Грузия Жоғарғы Кеңесінің сессиясы Конституцияның жобасын қайта қарады. Оның қорытынды-сында республикада грузин тілінің басқа тілдерден басымдығы атап көрсетілетін ескі нұсқа көпшілік дауысымен қайта бекітілді. «Жан-жақты дамытуға лайықты» бірден-бір мемлекеттік тіл болып қалдырылды. Шеруге шыққан жамағат Эдуард Шеварнадзе Жоғарғы Кеңес ғимаратының алдына шығып, Конституцияның аталмыш тарауын оқып бергеннен кейін ғана саябыр тапты. Сөйтіп, 15 одақтас республика арасында жалғыз Грузияда ғана әкімшілік-аймақтық бөлініс титулды ұлтының тілі өзінің мемлекеттік тілі болып сақталып қалды.
Бірақ осы бұлқыныстың бастамашысы болып жүрген белсенділер кейін республика заң қорғау органдары тарапынан жазасыз кетпеді. Рас, бұл жолы 1956 жылғыдай тәртіпке көнбеген көпшілікті аяусыз атып-жаншу болған жоқ, ешкім жарымжан халге жеткізілмеді. Тек осы оқиғалардың бәрін камераға түсіріп жүрген «Грузия-фильм» киностудиясының операторы Автандил Имнадзе бес жылға сотталды. Кейін оның жазасы үш жылға дейін азайтылды. Өздері онсыз да қырық құрақтан тұратын, үш этнографиялық топ пен 17 диалектіні түзетін грузиндер баршасына ортақ картвель тілінің республикадағы мәртебесін осылай «аз шығынмен» қорғап қалды.

Тілге қатысты мұндай текетірес көп жылдардан бері Бельгияда да бой көрсетіп жүр. Олай болатыны, бұл елде «бельгиялық» деп аталатын жеке нәсіл жоқ. Мемлекеттің негізін нидерланд тілінде сөйлейтін фламандтар мен француз тілінде ұғынысатын валлондар құрайды. Елдің шығысында азын-аулақ немістер тұрады. Жалпы саны 10 млн болатын халықтың 58,8 пайызы – фламандтар, 33,5 пайызы – валлондар, небәрі 0,5 пайызы – немістер. Осы үш тіл – елде жалпы тараған тіл. Бірақ мемлекеттік тіл мәртебесін алғашқы екеуі ғана алып отыр. Елдегі тілге қатысты тартыс-талас та осы екі ұлыстың төңірегінен туындап жатады.
Қазір Бельгия саясаткерлері осы ұлттық-лингвистикалық дағдарысты өз мақсаттарына пайдаланып қалмақ-шы. Бұл елдің тұтастығын сақтап қалуға едәуір қауіп төндіріп отыр. Осы текетірестің түбірінде фламандтардың – Нидерландқа, валлондардың Францияға, ал немістердің Люксембург пен Германияның біріне қосылуға ниеттері жатыр.
…Тілге қатысты түйткілдер бәріміз-дің де қабырғамызды қайыстырады. Біз бұл тұрғыда жоғарыда айтылған кеңестік кезеңде көп мүлттерімізден айрылып қалған ел едік. Тәуелсіздік жылдарында соның қаншасы келесіне келгеніне әлі де көзіміз толық жетпей отыр.

Серік ПІРНАЗАР

Ана тілі 9 - тамыз, 2018 ж.

Қазақ тілінде жазылған авторлық мақала (Авторская статья написанная на казахском языке)

Страница создана: 14.08.2018 10:36
Страница обновлена: 14.08.2018 10:36
Просмотров: 40
egov.kz - государственные услуги и информация онлайн